Үйлерін жылыту маусымына дайындамағандар жылусыз қалуы әбден мүмкін

335

Жылу беру маусымы жақындап келеді. Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары көпқабатты үйлердің тұрғындарын жиынға шақыруда. Мақсат жылу маусымына дайындықты пысықтау. Алайда пәтер иелері асығатын түрі жоқ. 

Олар жылу жүйелерін қыс мезгіліне  дайындайтын мекемелермен келісімшарт түзбегені былай тұрсын, сығымдау жұмыстарын да жүргізбеген. Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің қызметкерлері   жиналыс жайында хабарландыруды көрінетін жерге алдын ала  жапсырған болатын. Алайда  кездесуге келген адамдар санаулы. 

Әкімдіктегілер Шоқан Уәлиханов көшесіндегі №219 үйдің тұрғындарының осымен бір рет емес, бірнеше рет  басын қосуға тырысқан болатын. Бірақ  тұрғындар жиынға келуді артық санайтын сынды. Алайда  бұл күрделілік Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандарын тоқтатпайды. Олар жұмыстарын жалғастырады.  Заң бойынша пәтерлерін заңдастырып алған азаматтар ортақ меншік үйлерін өздері жылыту маусымына дайындаулары тиіс.

Бақыт Сыдықов,  Еңбекші ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:  «Жиналысқа бірнеше рет шақырдық. Адамдар пәтерлерінен шықпайды. Күнде осы. Кешкі уақытта жауаптылар өз учаскелерінде тұрғындармен кездесіп алдағы қысқа қамдану жолдарын пысықтаймыз деп келеді. Бірақ өздеріңіз байқағандай адамдар құлшыныс танытып отырған жоқ. Біз енді әрбір пәтер иесімен жеке сөйлесіп, дайындық жұмыстарына қатысуы қажеттігін түсіндіреміз. Жылы не суық пәтерде отыруы өздеріне байланысты».

Әкімдіктегілердің мәлімдеуінше қаладағы коммуналдық мекемелер  қызмет көрсетуге келісімшарт түзген тұрғындардың үйлерін жылу беру маусымына дайындап беруге тас түйін дайын. Маусымда жылу жүйесіне толық  қызмет көрсетуге кепілдік береді. «Егерде қыс мезгілінде  күрделіктер орын алмасын десеңіздер,  өз үйлеріңізді  қыс мезгіліне дайындауға кіріскеніңіз абзал», деп кеңес береді мамандар.

Шынар Оразова