Құбыр үстіне салынған үйлер сүріледі

561

Абайлаңыз. Қаладағы кейбір үйлер өз иелеріне қауіп төндіріп тұр. Су арнасы мамандары осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша қауіпті аймақта орналасқан үйлер сүрілуі керек. Алайда, бұған құлақ асып отырған тұрғындар жоқ.

Су арнасы мамандарының күні осылай басталады. Олар қауіпті аймақта орналасқан үй иелеріне нысандарын бұзу керек екенін ескертеді. Себебі, олардың нысандары су арнасына қарасты құбырлардың үстіне салынған. Мамандар аталмыш құбырлар жарылса не тесілсе дүние мүлкінен бөлек өмірлеріне қауіп төніп тұр дейді.

Айман Сәтбаева, «Су ресурстары -Маркетингі» ЖШС-і құқық бөлімі бастығының орынбасары: «Самал 3» шағынауданында 100 үй құбыр үстіне салынған. Тұрғындарға ескертпе хаттар берілген. Оларды бұзу туралы соттың шешімі 2015 жылы шығып, тұрғындарға таратылып берілген. Сот орындаушылары да біледі. Бірақ әлі тұр… Кәріз жүргізілген аумақта арнайы белгілер қойылады. Құрылыс салмас бұрын ескерту жасап жатырмыз. Бірақ құлақ асып жатқандар жоқтың қасы».

Қауіпті ғимараттардың сүрілмегеніне мамандар сот орындаушыларының өз ісіне деген немқұрайдылығы себеп болып отыр дейді. Алайда, жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде кей тұрғындар үйлерін бұзып, көшіп кеткен.

Тәуелсіздік жылдары халық жер алып, үй салғанда оның ненің үстіне орналасқанын, жан-жағында не барына мән бермеген. Салдарынан 1700 нысан кәріз бен су құбырларының үстіне салыныпты. Бүгінгі күнге дейін соның 900 бұзу туралы соттың шешімі шықты. 700 — і орындалды. Қалғандары үйлерін бұзуға қарсылық танытып отыр. Кейбірі үйлерін сатқанша уақыт созып отыр. Алайда оны сатып алған адам да опық жейді. Сондықтан сату бұл мәселенің шешімі емес. Бастысы бұзу керек.

«Көктем» базарындағы сауда қатарлары су арнасына қарасты 3 құбырдың үстіне түскен. Ол жерде диаметрі 801 см және 620 см 2 құбыр жатыр. Мамандар олар жарылса не тесілсе мына сауда қатарлары жердің астына кетеді дейді.

Сауда қатарының иесі болса, таяу күндері базарды басқа орынға көшіремін деп отыр. Айтуынша оған орнын да дайындап қойған. «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-і басшылығы болса өзге де тұрғындарды осыдан үлгі алуға шақырады.

Айжан Ермекқызы