Елде автокөлік бағасы қымбаттауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, автосатушылар бағаны қайта қарап, жаңа валюта бағамына байланыстырады деп отыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Көлік бағасы қанша пайызға қымбаттауы мүмкін? Теңгенің әлсіреуі нарыққа қалай әсер етпек? АҚШ ақшасы қымбаттағалы автосалондарда баға өзгерген жоқ. Шетелдік көліктердің құны әзірге өсе қоймаған. Бірақ су жаңа темір тұлпарлардың жаңа партиясына жаңа баға қойылуы мүмкін.
Нұржан Мағзұмов, «MERCUR AUTO» компаниясы сату бөлімінің менеджері: «Қазір тұрған автокөліктерге тапсырысты біз қаңтар айында берсек, ол кезде доллардың бағасы 320 теңге болатын. Қазіргі уақытта 360 теңге. Сондықтан келесі жылдың басында келетін автокөліктер қымбат болатын шығар».
Автомобиль сатушылар көлікті доллармен ғана емес, рубльмен де сатып алады. Рубльге қатысты теңге бағамы тұрақты. Сондықтан ресейлік көліктер құны сақталуы ықтимал. Бірақ бағам ауытқығалы автосалондарда сатып алушылар қарасы көбейіп, не азаймаған. Бірақ мамандар көлікті қазір алған дұрыс деп отыр.
Ербол Сейпілов, «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» техникалық реттеу директоры: «Шетелден келген компоненттер бұрынғы бағамен кіргізілді де, көліктер бұрынғы бағамен сатылып отыр. Кейін доллардың қымбаттауына байланысты көліктер де қымбаттауы керек. Жарты жыл уақыт аралығында қымбаттауы мүмкін. Сондықтан жоспарлап отырған адамдар көлік алатын қазір алып алғаны жөн деп ойлаймын».
Дегенмен мамандар отандық көліктер бағасы сақталады деп отыр. Биыл өндіріс 86 пайызға артқан. Биыл 17 мың жүйрік тұлпар құрастырылған. Олардың жалпы құны шамамен 104 млрд теңгені құрайды. Олег Алферов, «Қазавтоөнеркәсіп» директорлар кеңесінің төрағасы:
Әзірге айтарлықтай алаңдаушылыққа еш негіз жоқ және дабыл қағу ерте. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықтағы қолжетімді 10 көліктің бесеуі отандық болып табылады. Ал автоблогер Диас Уәлиханов баға бір айдан соң-ақ құбылады деп болжайды. Сондықтан көлікке сұраныс төмендейтініне сенімді.
Диас Уәлихан, көлік блогері: «Барлығы жаңа бағаммен сата бастайды. Сондықтан баға көтеріледі. Бұл, меніңше, тұрақты болып келген сатылымға әсер етеді. Жыл басынан бері сауда жақсы болды, бірақ қазір төмендейді. Аз сатыла бастайды».
Темір тұлпарлар ғана емес, көлік бөлшектері де қымбаттайды деген болжам бар. Өйткені қажет құрал-саймандар да шетелден жеткізіледі. Сондықтан алдағы уақытта, қалай болғанда да, көлік тізгіндеу қымбатқа түспек.