«Қоқыс пен сасық иіс қолқаңды қабады»

497

Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласының көп қабатты үйдің тұрғындары: «Сыртқа аққан канализация суы мен қоқыс иісі қолқаңды қабады» деп шағым айтып жатыр.

Ел арасында «Садовая» аталып кеткен қалашықта орналасқан көп қабатты үй тұрғындары жиырма жылдан бері  аулаларынан дәретхана салып алуға мәжбүр. Канализация суын өз беттерімен үй артынан арық қазып соған ағызады екен. Арықтары қаптаған қалың сорадан көрінбейді. Сасық иісі сонадайдан сезіледі.

Ерубаев көшесіндегі үй комитетінің төрағасымын деп өзін таныстырған зейнеткер: «Мұнда 2017 жылы канализация жүргізді. Үйлердің алдынан жүргізілгендіктен ешкім қоса алмай отыр. Құбырлары сол күйінде тұр. Үй артынан жүргізулері керек еді. Айтқанмен құлақ асқан ешкім болмады. Бұл бір. Екіншіден, үй артындағы әркім өзі қазып алған канализация арығы сасып беті ашық ол жатыр. СЭС деген өзі қазір жұмыс істейді ме? Қайдам… Әкімдік те бұған бас қатырған емес».

Дәретханалар мен үйінді қоқыстың қақ ортасында отырған қалалықтардың жанайқайын әкімдікке жеткіздік. Жетісай ауданы әкімдігі көп қабатты тұрғын үйлердің модернизациялаудан өтіп жатқанын тілге тиек етті.

Жетісай қаласындағы 109 көп қабатты тұрғын үйдің тек екеуі бүгінге дейін толық модернизациялаудан өткізіліпті. Канализация құбырлары іске қосылса бұл екі үйдің тұрғындары дәретхана іздеп далаға әуре болмайтын көрінеді. Сөйтіп сырттағы әжетханалары сүріліп тасталады екен. Ал қалғандары ше?

Басқа 107 көп қабатты тұрғын үй тұрғындары қашан өздерін нағыз қалалық ретінде сезініп,  өркениеттің тым құрығанда адамзатқа алғашқы қажетті дүниесіне қол жеткізе алады? Бұл сұраққа әкімдік өкілі бүй деп жауап қатты.

Айдар Сейдазимов,  Жетісай ауданы әкімінің кеңесшісі – баспасөз қызметінің жетекшісі: «2014 жылы үш үй толық күрделі жөндеуден өткен. Соның екеуіне канализация жүргізіліп, толық іске қосуға дайын. Үшінші үй тұрғындары модернизациялаудан жағдайы болмағандықтан бас тартуға мәжбүр болды. Жалпы,  кезең кезеңімен көп қабатты тұрғын үйлерде жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Бірақ ол үшін әр пәтерден отбасылық бюджетінен жүз мың теңгеге жуық қаражат төлеуі тиіс болады. Құбырлары тағы басқа керек жарақтары үшін».

Жанар Есенбекова