«Қырғы» базарда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде

554

Шымкенттегі «Қырғы» базар қала бойынша ең арзан базар саналады. Қалаға жақын ауылдардан өз бақшасында піскен өнімдерін осында әкеліп саудалайтындар көп. Әрі арзан бағада ұсынады. Сол себептен бе екен мұнда ат басын бұратындардың қарасы қалың. Мұнда күнделікті облыстың түкпір-түкпірінен 30 мыңға жуық адам келіп кетеді.

Сауда жасаушылар автобус аялдамасына дейін жайғасып алып, жүріп тұруға кедергі келтіріп, көлік кептелісінің орын алуына да септігін тигізетін. Енді мұндай заңсыздыққа жол жоқ. Жуырда ғана қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мұндағы заңсыз сауда нүктелері сүрілген болатын. Жайма базарға айналдырып жібергендердің жолы кесіліп, ретсіз сауда жойылды. «Қырғы» базар алдындағы жер асты өткелінің бар болғанына қарамастан тұрғындар жол бойындағы бетон қоршаулардан асып өтетін-ді. Енді бұған да тосқауыл қойылмақ.

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Қырғы» базар аумағын абаттандыру, көгалдандыру және жол бойындағы бетон қоршауларды заманауи үлгіге сәйкес темір қоршауларға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Базар аумағы аз ғана уақытта ретке келтіріліп, тәртіп орнады. Алдағы уақытта заман талабына сай, таза да әсем кейіпке енетіні сөзсіз.