Үшінші мегаполистегі мүгедек жандарды жауыр еткен мәселе шешіле ме?

532

Күнгейлік кәсіпкерлер меншігіндегі мекеме алдына сырғанақ баспалдақ — пандустарды орнатуға құлықсыз. Қойғанның өзінде, тиісті талапқа сай келмей, мүгедектерді әбігерге салып жатыр. Бұл жәйтті бүгін «Біз біргеміз!» атты әлеуметтік акциясының 8 айлық жобасын қорытындылаған Әл Фараби аудандық әкімдігі мәлімдеді. Айтуларынша, кей кәсіпкерлер құзырлы органның ескерпе-хаттарына құлақ аспай келеді. Тіпті айыппұлдан да жалтаратын жағдайлар кездесіпті.

«Жеке меншік мекемелер алдындағы пандус үшін талас қазір емес, жылдар бұрынғы жауыр болған, қордаланған мәселе. «Біз біргеміз!» әлеуметтік акциясы аясында қайта пысықталып, күнгейлік кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп-ақ келеді. Бірақ түсінуге, құнттауға құлықсыздар да жоқ емес», — дейді Әл Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері. Тіпті бұл сырғанақ баспалдақты қойғанның өзінде, тиісті талапқа сай келмей, мүгедектерді сарсаңға салып жатыр екен.

Тағы да ескерту хаттары беріліп, түсіндірме шаралары жүргізілді. Бірақ, олқылықтың орны қашан жойылып, нәтиженің қашан мардымды болатыны тағы да белгісіз. Ал қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі шаһарымыздағы жеке меншік нысандар мен көпшілік орындарда жиі кездесетін кемшіліктерді жіліктеп, жіпке тізіп берді.

Бейіржан Казаханов

Бейіржан Казаханов, Шымкент қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «Бір сөзбен, сәйкес емес деп айтуға болады. Пандустың екі шетінде ұстайтын тиеу болуы керек. Және бұл баспалдақ тайғақ болмауы тиіс. Яғни, ол арнайы қаптамамен көмкерілуі міндетті».

Әл Фараби ауданының аумағында бүгінде 3 961 мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүретін болса, оның 360-сы — арбаға таңылған. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қазір бұл жарымжан жандардың қоғамдағы құқығын қорғау үшін және көпшілік орындардағы жасалған жағдайларды жіті бақылау мақсатында арнайы мобильді топ жасақталған. Жұмыс нәтижесі де жоқ емес.

Дәурен Босымбаев, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Биылдың өзінде жалпы 271 нысанға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның 260 -на пандус оңтайландырылып, орнатылды. Біздің аудандағы пандус орнатпаған мекемелер болса, кез — келген тұрғынның мәселені айтып, хабарласуына болады. Проблеманы шешу үшін арнайы мобильді топ бар. Құрамында қаламыздағы мүгедектер қауымдастығының өкілдері, білім, кәсіпкерлік саласына қатысты әр бөлімнің мамандары бар. Ескерту жасап, талапты орындамаған тарапқа құзырлы орган арқылы шара көреді».

Айта өтейік, қаламыздағы аумағы жөнінен ең ауқымды аудан — Әл Фарабидегі барлығы 64 мемлекеттік мекемеге бүгінде толығымен пандус орнатылыпты. Сондай-ақ, түсіндірме жұмыстарының жүргізілуі барысында мұндағы 1011 жекеменшік нысанның 971-де дәл осындай сырғыма баспалдақ және жеделсаты түріндегісі қойылған.

Бірақ, біразының алдындағы бұл арнайы баспалдақтың жәйі мәз емес, мардымсыз екенініне біз де куә болдық. Ал аудан әкімдігі «қолжетімсіз пандусқа» айналған қордаланған мәселенің қашан шешілетінін тап басып, айта алмады.

Мөлдір Бекеева