«Ет бағытына жаңаша көзқарас керек. Ескі түсінікпен мал бордақылауға жайылым жер жеткіліксіз деп қол қусырып отыратын уақыт емес». Бұл ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің пікірі.
Жаңа технологияларды пайдаланып, ет бағытындағы кәсіпорындарды дамыту қажет дейді ведомство басшысы. Бұл ретте солтүстік шаруаларын үлгі еткен Ө. Шөкеев мырза күнгейдің зор мүмкіндігі бар екенін де еске салды. Әсіресе мал шаруашылғына бейім Бәйдібек, Түлкібас, Отырар аудандарында осындай жобаларды жетілдіру қажет.
Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі: «Жылдың басынан бері етке көшу керек деп жатырмыз. Нарық ашық, себебі. Бір тонна етті өндірудің шығыны 7-8 тонна бидай өңдеудің шығынына тең. Оның үстіне астықты жинауға техника қажет, өткізуі бар… Шаруалар әлі де ойлануы керек».
Ведомство басшысы бұл ретте Қазығұрттағы «Қайып ата «шаруашылығының жұмысына тәнті болды. 17 гектарға 5 мың бас малды сыйғызып, мал шаруашылығын түлетіп отырған шаруалар ет экспортын да жылдан-жылға арттырып отыр. Былтыр елімізде 5 мың тонна экспортталған болған болса, бір ғана шаруа қожалығы биылдың өзінде 1,5 мың тонна өнімді сырт елдерге саудалауда. Арысы Ауғанстан, Иран, Араб елдерімен қоса берісі Өзбекстанға ет жөнелтіп, тапсырыс үдесінен шығу үшін жергілікті шаруаларды да бірлесіп жұмыс істеуге шақырдық дейді серіктестік басшысы.
Сырым Ертаев, серіктестік директоры: «Мен шаруалар мемлекеттік көмектерді пайдаланып, осы бағытқа бет бұрса деймін. Бірлесіп жұмыс істесек, етті терең өңдеуге де жол ашылатын еді. Ондай тауарларды алыс елдерге де экспорттай аламыз».
Мақпал Рысбаева