Бүгін төтенше жағдай департаментінің өкілдері мен жол патрульдік полиция қызметкерлері бірігіп арнайы рейд өткізді. Шара кезінде құзырлылар өрт сөндіру көліктеріне жол ашып жүріп, тәртіпке бағынбаған жүгенсіз темір тұлпар иелерін жауапқа тартты.
Өрт сөндіру көлігі бұл шақыртуға полицейлермен бірігіп жолға шықты. Алғашқыда жедел шақыртуға шыққан көлікке көшеде кедергі бола қойған жоқ. Жол сақшыларының сигналын естіген жүргізушілер бірден мәдениеттілігін танытып, төтеншеліктерге жол беріп жатты.
Бірақ кейбір көлік жүргізушілері төтеншеліктерге мәдиниеттіліктерін көрсете алмады. Қымбат көлік тізгіндеген азамат өрт сөндірушілерге жол бермек түгілі, пысқырып та қарамады. Полицейлерге жүгенсіз жүргізушіге ескерту жасағаны сол еді, тәртіпке бағынбай пагондылармен сөзге келісіп қалды. Бірақ заң баршаға ортақ. Тәртіпке бағынбаған азаматты жол сақшылары жауапқа тартып, үстінен әкімшілік хаттама толтырды.
Айта кетейік, өрт сөндірушілер күніне шамамен 25 шақыртуға барады. Мамандар қызмет барысында кездесетін кедергілердің басым бөлігі жолдағы проблема екендігін жасырмайды. Нақтырақ айтқанда, өрт сөндіру қызметкерлері қала көшелеріндегі автокөлік жүргізушілерінің жол бермейтіндігіне шағымданып отыр. Тіпті дабыл қаққышы іске қосылса да, кейбір көлік иелері оны елемейді екен.
«Өрт сөндіру көлігіне жол бер» атты акцияның бұл екінші кезеңі. Полицейлер арнайы көліктердің шақырылған жерге еш кедергісіз, уақытылы жетуі үшін алдағы күндері тағы да рейд өткізбек.
Лаура Нақыпқызы