Облыста биылдың алғашқы алты айында 552 өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелген. Қолдағы мәліметке сенсек, суицидке барғандардың басым көпшілігі асылып қалған. Асылу түрі бойынша 255 оқиға тіркелген. Көнекөз қариялардың сөзінше, аспа кеселі әсіресе, шілде түскенде көбейеді.
АСЫҚҚАНДАР
Қоғамдық көлікте адам көп болғандықтан жұмыстан шығып үйге қарай саябақ арқылы жаяулатып тарттық. Алдымызда орта жастағы екі әйел келе жатыр. Әңгімелері қызып кетсе керек. Екеуі жанындағыларға көз салар емес. Дауыстары қатты-қатты шығып келеді. Аспа кесел жайында айтып жатыр. Әңгімелерінен ұққанымыз бірінің құда баласы жақында ғана асылып өліпті. Сол қатарлас тағы да 2-3 көрші жігіт өзін-өзі асып қойған. Журналист ретінде қызығушылығымыз әңгімеден шет қалдырмады. Екеуінің әңгімесіне еріксіз араласып, үйге дейінгі жолды қысқарттық.
Сонымен…
Шілденің алғашқы күні қазығұрттық Нұрлан үшін әдеттегідей басталғанымен басқаша өрбіді. Құдағиының айтуынша, Нұрлан сол күні, жұмыстан қалып, ағайын-туысын аралап, дастархандарынан дәм татыпты. Тіпті, көптен көрмеген қаладағы қарындасына сағынғанын айтып, ауылға шақырған. Бұл кезде қарындасы ағасымен соңғы рет тілдескенін қайдан білсін. Жұмыстан шыға алмайтынын айтыпты. Десе де кешқұрым ауылға жол тартып кетеді. Есіктен кірмей жатып, ағасын іздейді. Бірақ, Нұрлан үйде болмай шығады. Ата-анасы да оның қайда кеткенін білмейді. Қас қарайғанша бауырымен жүздесе алмаған Нұриланың жүрегі бір жамандықты сезеді. Таң атқанша көз ілмей үй-іші болып Нұрланды іздестіре бастайды. Сөйтсе, алыстан іздеген бауыры үйдің іргесіндегі шөп жиналған қорада асылып қалыпты.
– Бір таңқаларлығы, Нұрлан алдын ала бәрін ойластырып қойғандай сезілді,-дейді өзін Алма деп таныстырған әлгі келіншек. Айтуынша, марқұм асылған жерін ешкім таба алмайтындай етіп, шөппен қоршаған. Ол аз десеңіз, қасына өзін арулап орайтын ақ кебін матасын да дайындап кетіпті.
Денсаулығында кінәраті жоқ. Ақыл-есі түзу. Тепсе темір үзетін, «бүгін-ертең үйленеді» деп отырған 24 жастағы жігіттің мұндай әрекетке не себепті барғанын ешкім түсінбейді. Ағайын-туысы Нұрланның жан күйзелісінен көз жұмбағанын айтады. Пайымдауынша, ол мұндай әрекетке аспа кеселіне ұшырағаннан барған.
Әңгіме барысында, Алма апай соңғы күндері ауылда осыған ұқсас оқиғалардың жиілеп кеткенін айтып қалды. Ауыл тұрғындары болса, мұндай құбылыстың жиілеуі тектен-тек емес деп отыр екен.
– Нұрланнан кейін араға екі-үш күн салып тағы да екі жігіт асылып қалды. Жыл сайын шілде түскенде ауылда осындай қайғылы жағдай болады екен. Мәселен, былтыр шілде түскенде сол ауылдың ақсақал-молдасы өзінің 24 жастағы келінін өлім аузынан арашалап қалыпты, — деп жалғастырды әңгімесін Алма апай. «Естуімше, әлгі келін күннің батқанын асыға күткен. Қайта-қайта қораға барғыштап, өзін қоярға жер таппаты. Мұны байқаған молда-атасы келінін қасына шақырып, көзінше бір қошқарды бауыздап жібереді. Қанды көрген жас келін алқымын ұстап, қатып қалады. Сәлден соң терең демалып, тыныстай бастайды», — деді ол.
– Біздің ауылда да осыған ұқсас жағдай орын алды,- деп екінші әйел әңгімеге араласты. Айтуынша, былтыр шілдеде жетісайлық Бағдаулет есімді 19 жастағы бозбала да өзін-өзі асып қоя жаздаған.
«Бағдаулеттің айтуынша, әлде бір дауыс оны мал қораға шақырады. Әлгі дауыс арқанды алып түюге бұйрық еткен. Жуан арқанды байлауға қолының әлі жетпесе де, тылсым бір күштің әсерінен тап-тастай етіп түйіп, іліп қояды. Аяқ астынан қорада орындықтың қайдан табыла кеткені белгісіз, әйтеуір орындықтың үстіне шыққан. Сол мезетте ұлының әрекетін байқап қалған әкесі, баласының аяғынан шап беріп ұстап қалған. Баласын ажалдың құрығынан аман алып қалған көршім сол мезетте Бағдаулеттің көзінше қара мысықты арқанға асып іліп қойыпты, — деді келіншек.
Суицидке барудың үш жолы
Аспа – бұл шынымен де кесел ме? Әлде жан күйзелісінен құтылудың жолы ма? Белгілері қандай? Мұндайда не істеу керек?
Көкейдегі осы сұрақтарға жауап алу үшін арнайы мамандарға хабарластық. Облысымыздың бас суицидологы Наушарман Боранбаеваның сөзінше, өзіне-өзі қол салатындардың қатарында:
– жүйке жүйесі ауруына шалдыққандар;
– психо-неврологиялық ауытқуы жоқтар да бар.
Олардың мұндай қадамға баруы жыл мезгіліне байланысты емес. Әр қайсысының өзіндік себептері бар екен.
«Біріншілерінің психикалық ауытқулары бар. Мұндай адамдар өз іс-әрекетіне есеп бере алмайды. Сондықтан да олар міндетті түрде дәрігердің бақылауына алынып, арнайы орындарда ем қабылдайды. Ал екінші санаттағылардың ақыл-есі дұрыс, денсаулығында кінәрат жоқ. Оқыған, көзі ашық көкірегі ояу. Өз іс-әрекетіне есеп бере алатын жандар. Олардың мұндай әрекетке баруына бір минуттық әлсіздік, бір сөзбен айтқанда жан күйзелісі себеп болады. Яғни, сүйіктісіне қол жеткізе алмаған, «жауапсыз махаббаттың» құрбанына айналған, ата-анасымен, ұстазымен немесе досымен ренжісіп қалғандар үшін тұрмыста кездескен қиындықтан шығатын жол – өзін-өзі өлтіру болып көрінеді,- дейді бас суицидолог.
Айта кетейік, бүгінге дейін орын алып, тіркелген суицидтің 69% — белгісіз, 23,9% — отбасындағы жанжалға байланысты туындаған.
– Қазіргі таңда ғылым қаншалықты дамыды десек те, суицид дертінің белгісі мынадай деп дөп басып айта алмаймыз. Десек те, адамның күйзеліске душар болып жүргенін мына бір әрекеттерден де анық аңғаруға болады.Біріншіден, мінез-құлқы өзгереді. Тұйық бола бастайды, әңгімеден қашады, өте енжар, селқостанып жүреді немесе керісінше өте ашуланшақ болады. Екіншіден, жұмыс істемеудің, мектепке бармаудың амал-шарасын ойлап табады: «басым, ішім ауырып тұр, құсқым келеді» деген сияқты сылтауларды көбейтеді.
Үшіншіден, ақша сұрай бастайды, тіпті қалтаға түседі. Демек, ол қаржыны мазасын алып жатқандарға тасиды. Төртіншіден, зейінсіз болады. Өлім жайында жиі әңгіме қозғайды немесе «өмір сүргім келмейді», «өліп қалсам не болады?», «өлген адамның рухы қайда барады?» деген сөздер айтады. Бұл адамның суициальді әрекетке бел байлап жүргенінің алғашқы белгілері,-дейді Наушарман Боранбаева.
Осы ретте психологтар өз-өзіне қол салушылар суицидке: ашық, жасырын және жариялы түрде баратындарын айтады.
Психолог Ләззат Тілендиеваның сөзінше, шынайы суицидке өмірден түңілген, үнемі көңілсіз жүретіндер бой алдырады.
— Олар өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтып, ақыры өзіне қол жұмсауға бел байлайды. Өлместен бұрын өлгісі келетініне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұратындарды мамандар жариялы суицидке баратындардың қатарына қосады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «Өлемін» деп өзгелерді үрейлендіргісі келетіндер осы топқа жатады. Ал жасырын, яғни құпия суицидке өзіне қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінетін, алайда «тұрмыста кездескен қиындықтан шығатын жол жоқ дейтіндер барады,- дейді ол.
Ләззат Тілендиева, психолог:
– Өз-өзіне бір рет қол жұмсауға талпыныс жасап, бірақ өлімнен аман қалған жан бұл әрекетін екінші рет қайталауы мүмкін. Себебі, көп жағдайда «есіне салмайық, болған оқиға ұмытылсын» деген оймен бұл мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалып қояды. Мұндай жағдайда, баланың ішкі жан дүниесіндегі негізгі себеп шешілмей қалады да, уақыт өте қайта қозып, сол әрекетке қайта барады. Әрекет үшке дейін қайталануы мүмкін. Үшінші әрекеттен аман алып қалу қиын. Егер, суицид жасауға оқталудың белгілері байқалса немесе бірінші әрекет жасалған болса, кешіктірмей тиісті маманның көмегіне жүгінуі керек.
Дәрігерлер қауымы өз-өзіне қол жұмсау жан күйзелісінен туындайды десе, дін өкілдерінің де осы пікірге алып қосары бар. Саяси-қуғын сүргін құрбандары мешітінің наиб имамы Мұрат Бастарбекұлы мұндай әрекетке рухани әлсіздер мен кеселге ұшырағандар баратынын айтты.
– Өмір адамға Алла Тағаланың берген сыйы, аманаты. Яғни, аманатқа қиянат қылу күнә. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «Ең үлкен күнә – Алла Тағалаға серік қосу, екінші – ата-анаға қарсы шығу, үшіншісі – өзіне қол жұмсау. Сондықтан да, мұндай қадамға бару Алла Тағалаға деген сенімнің болмағандығы мен иманның әлсіздігі деп қабылданады. Жалпы ислам дінінде өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарылмаған, дұға оқып жерленбеген. Тіпті, ондай жандарды мазараттың ішіне жерлеуге рұқсат болмаған. Алайда, соңғы жылдары өз-өзіне қол жұмсағандардың қатарында «кеселге ұшырағандар» көп. Қарапайым сөзбен айтқанда, лас, таза емес жерді басса, әйел баласы түнделетіп орамалсыз далаға жалғыз шықса, судың басына барса, оның бойына жын жабысады. Сосын жынның айтқанымен жүріп-тұрып, ақыр соңында өз-өзіне қол жұмсайды. Көбіне, бойына жын кіргендер өзін-өзі асып қояды. Оны «аспа кесел» деп атайды. Сондықтан да, қазір кеселге ұшырап көз жұмғандардың да жаназасын оқып, жерлей береміз,-дейді имам.
Қазақта: «Құдайға бер де жалын» деген бар. Имамның айтуынша, осындай қайғылы жағдайдың алдын алудың бірден бір жолы – құрбандық шалу. Яғни, егер қандай да бір сұмдық болса немесе оның алдын алу үшін Алладан медет сұрап құрбандық шалу керек. «Аспа кеселінің алдын алу үшін де қан шығарудың маңызы зор»,- деді имам.
«Қатерлі жағдайдың алдын алу керек» деп жатамыз. Әйткенмен бәлекет аяқ астында екенін де ұмыпталық. Ойламаған тұстан сол жағдайға тап болып, соңында бармақ тістеп қалмау үшін айналамыздағы жақындарымыздың жағдайына көз салып, жанайқайына құлақ түре жүрейік.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті
№29, 18 ШІЛДЕ 2018 ж