Түркістандықтар елордалықтарды ерекше қуантпақ. Алдағы демалыс күндері Түркістан облысының тауар өндірушілері жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр. Өңірдегі елден ерек өнім өндіретін кәсіпкерлер Астана жұртына базар бағасынан 10-15 пайызға арзандатып сатады.
Жеміс жидек пен көкөністің отаны саналатын күнгейден 411 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілгелі отыр. Оның ішінде 200 тоннадан астамы жеміс пен көкөніс. Биыл молынан салған алма, алмұрт, шабдалы, жүзім жеткізілгелі отыр. Сатылымға шығарылатын тауарлардың жалпы сомасы 101 млн. теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, ет, сүт өнімдері, қауын қарбыз да бар. Ең бастысы астаналықтардың сұранысына ие болған «Ордабасы құс» ЖШС-нің күркетауық өнімдері молынан апарылатын болады. «Дәмді ет» сауда белгісімен танымал өнімдерге сұраныс ешуақытта төмендеген емес. Әсіресе күркетауық етінен жасалған қазыны тұтынушылар жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ талап алып кетеді.
Айназ Бейімбет