Астықты ішкі нарыққа тасымалдайтын кәсіпкерлер тариф құнына наразы. Олардың айтуынша, ел ішіндегі тасымал құны астық экспорттаушылардың ақысымен салыстырғанда арзан болуы тиіс. Себебі, бұл нарық әлеуметтік маңызға ие дейді бизнес өкілдері.
Бұл туралы бүгін Шымкентте өткен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері мен астық дақылдарын тасымалдаушылардың кездесуінде айтылды. Диалог алаңында нарықтың жай-күйі мен өнімді тасымалдауда кездесетін өзге проблемалар ортаға салынды.
Астық жинау науқаны аяқталып келеді. Көп ұзамай кәсіпкерлер ішкі және сыртқы нарыққа өнімдерін тасымалдауға кірісетін болады. Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен жиында тараптар кездесіп, тасымалдауда кездесетін қиындықтарды алдын алу үшін тиісті шараларды пысықтап алды.
Ал астық өнімдерін ішкі нарыққа саудалайтын кәсіпкерлер тарифке қатысты түйіткілдерді шешу қажет дейді. Олардың айтуынша, бұл қызметтің ақысын төмендету қажет.
Ұлттық компания өкілдерінің де өз айтары бар. Олар ішкі нарыққа тауар жеткізуде титтей де қиындық тумас үшін барлық жағдайды жасап отырмыз деп ақталды. Айта кетейік, былтыр қара күзде ұн өнімдерін өндірумен айналысатын өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары шу көтерген болатын.
Бизнес өкілдері тасымалдау кезіндеболған қиындықтар салдарынан қып-қызыл шығынға батып отырмыз деп шырылдаған еді. Олар бұған теміржолшыларды кінәлаған-ды.
Бүгінгі жиында да тасымал кестесіне көңілі толмайтындар табылды. Кәсіпкерлер сөзіне қарағанда, астық тиелген вагондар бірнеше күн тұрып қалады. Ұлттық компания басшылығы тез арада кінәлілерді анықтап, шара көрілетініне уәде етті.
Мақпал Рысбаева