«Қалған көшеге асфальт төсесе, тұрғындар тоздырып жібереді». Асық ата кентінде жедел жөндеуді қажет ететін көшелер көп.
Теп-тегіс асфальт, күннен қуат алатын жарық шамдар мен қаланың қақ ортасында кездеспейтін орындықтар мен қоқыс жәшігі бар. Бір емес, екі бірдей аты бар. Тіпті әкімнің өзі тұрады. Жетісай ауданы, Асық ата кентінінің барлық жұрты қызығатын ерекше көшемен бізде жүріп көрдік. Әрі көрші көшелердің жағдайымен де танысып келдік.
Шалғайдағы кенттің ең әсем көшесінің ұзындығы 1300 метр. Екі жағалауында қоныстанған тұрғын да көп. Бірақ олар, топырақ көшемен жүріп көрмеген. Орталық көшелерден артық жабдықталған аумақта қатынас та жиі. Биыл су жаңа асфальт тағы төселіпті. Шұғыл жөндеуді қажет ететін көшелердің ішінде аты озып, жалғыз көшеге жөндеу жүргізілген.
Асық атадағы шұғыл жөндеуді қажет ететін көшелердің тізімі жасалып, көлемі өлшеніп 11 көшенің тізімі аудандық ТҮКШ бөліміне берілген. Мемлекеттік сатып алуда Бейбітшілік көшесі жеңіске жетіп, 1300 метрге жол салынған. Жиі жөнделетін көшенің атауы Бейбітшілік екенін ауылдықтар білмейді. Әрі мораторий кезінде атауын ауыстыру қалай жүзеге асқанын әкімнің өзінен сұрап білдік.
Бақыт Серіков, Асық ата кентінің әкімі: «Ономастикадан «отказ» келсе, біз Бейбітшілік деп өзгертеміз. Енді бар нәрсені қазір де сол көшенің өз тұрғындары жинап, Ө.Жолдасбековтың баласы сол көшеде тұрады, әкесі де сол көшеде тұрған. Сөйтіп солардың барлығы ұйымдасып, жаңағыны істейміз дегеннен кейін, мынаның барлығы қойылған. Бірақ, Бейбітшілік деген аты көшенің басында темір тақтайшада жазылып тұр ғой».
Осылайша, бір емес, екі бірдей атауды иемденген, артықшылығымен алға шыққан көшеде әкімнің өзі де тұрады екен. Құжатта Бейбітшілік атауымен асфальт төсеуге қаржы жұмсалған. Ал ол атау жазылған тақтайшаны ұзын сонар көшеде жайғасқан бір үйден байқамайсыз. Барлығында Өтепбай Жолдасбеков атауы жазылып, түсі түстеліп қойған. Әкім соңғысының мораторийден өтпей қалғанын да жасырмайды. Бірақ, заңғы қайшы әрекет еткенім жоқ дегеннен тайынбады.
Ал ерекше көшеде тұрмағанына өкінетіндердің бірі — болашақтықтар. Олар сол асфальтты көше құрылған соңғы он жылдан бері сұрап келеді. Бірақ, еш нәтиже шықпапты. Былтыр жаяу жүргіншілер жолағы түсіп, қуантқанымен, талапқа сай төселмегенін айтады. Тұрғындар әкімнің бұл көшеге бір келмейтінін айтып шағымданды.
Айтпақшы, жол жөндеуді сұранып жүргендер соңғы 10 жылда үйдің құжатын екі-үш рет ауыстырғандарын айтады. «Алдымен Ақансері Жақсылықұлы атауын берді, ол әкім болып тұрғанда көшені тегістеп, жарығымызды жағып қойды. Кейін қайтыс болған соң, атын алып тастап, Жоба деп атады. Қазір Болашақпыз» — деген асықаталықтар жоғары жақтан араша сұрайды.
«Жылда келер жылға қалдырады. Жыл өтеді де кетеді. Әкіміміз мүлдем келмейді. Былтыр мынау аяқжолды салды. Оның жатысы мынау, мүжіліп. Әкім деген келіп-көріп, қабылдап алмайды ма?»- деп ашынған ағайын биыл тағы жолсыз қалды.
Жаңбырда лай, құрғақта шаң басқан көшенің тұрғындары талай жерге барып, өтініш жасаған. Жыл сайын шулап, арыз жазып, сұрағанымен жұбатып жатқан ешкім жоқ. Биыл тағы та топырақ кешіп қалады.
Бақыт Серіков, Асық ата кентінің әкімі: «Ол жаңадан құрылған көше. Ол көшенің жан-жағы енді толды. Мына үйлер салынып, ол көше енді түгелденіп отыр. Ол жерге мен асфальт төсесем, тоздырып жібереді».
Айта өтейік, кентте 56 көше бар. Оның 32-сі жөнделген. Тағы 14 көшеге асфальт салу қажет. Бірақ, кенттің бюджеті бұл жыртықты жамауға жетпейді. Тек аудандық ТҮКШ бөлмінен қаржы сұрап, ұсыныс етумен ғана шектеліп отыр. Сондықтан да, ерекше көшеге қызығып қарай тұрудан басқа амал жоқ…
Ардақ Жақсылықова