Биылдан бастап бірінші сыныпқа қабылдау электронды форматқа көшті. Ата-ана портал арқылы өзі таңдаған мектеп пен мұғалімдердің рейтингісін көре алады. Ұнаса, баласын таңдаған мектепке тіркеп, кезегін күтеді. Бұл жүйенің де өзіндік талабы бар.

Қазір Шымкенттегі мектептерде 1 – сыныпқа электронды түрде қабылдау жүйесі жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес ата-ана 30-шы тамызға дейін баласының құжатын электронды түрде өткізіп, мектепке өтініш беруі тиіс.

Айгүл Текебаева, білім басқармасының өкілі: «Төрт құжат талап етіледі. Баланың заңды өкілінің өтінші , екінші туу туралы куәлігінің көшірмесі және денсаулығын анықтайтын 126 үлгідегі дәрігерлік кітапша  болады. Одан өзге екі дана суреті сұралады».

Ескеріңіз, мектепті өз еркіңізбен таңдайсыз. Оған шектеуді ешкім қоя алмайды. Қазір мектепке қабылдау жұмыстары қатаң бақылауда. Білім басқармасы ата-аналардың құқын қорғауға дайын. Тіпті бірнеше рет рейдтік жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде өрескел ережелерді бұзған оннан аса мектепті анықтаған.

Айгүл Текебаева, білім басқармасының өкілі: «Неке туралы куәлік немесе мекен жай анықтамасын сұрап жатыр. Мұның барлығы қабылдауға қажет емес. Білім мекемелерінің басшылары өздерінің тарапынан кеткен кемшіліктерді түсініп, нәтиже шығарады деген сенімдеміз».

Айта кетейік, мектепке құжат қабылдау жұмыстары 30 – тамызға дейін жалғасады. Қазіргі кезде бірінші сынпқа баратын 14 мыңнан аса бала тіркеуге алынған. Ал жалпы 30 – мыңнан аса бала мектепке қабылданады деп жоспарлануда.