Ата-анадан жиналған кез-келген қаражат заңсыз — Олжас Бектенов

460
Фото inform.kz

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде білім беру саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөнінде жиналыс өтті. Оған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, елордалық білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қатысты, деп хабарлайды Қазақпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуді ашқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мемлекеттік қызмет көрсетуді тезірек автоматтандыру мен білім беру жүйесіндегі әкімшілік кедергілерді жою қажеттігін атап өтті. Ол ақпан айынан бастап Агенттік пен Астана әкімдігінің «Астана — адалдық алаңы» бірлескен жобасы жұмыс істеп тұрғанын еске салды.

Оның жұмысы жобалық менеджмент принциптеріне негізделген. Жоба шеңберінде білім беру саласына жүргізілген талдаулар бойынша бірқатар ескертулер мен ұсынымдар әзірленген. «Мектептердегі ақша жинау мәселесін ерекше атап өткім келеді. Өкінішке орай, мұндай салымдар әдетке айналып кетті. Көптеген ата-аналардың еті үйреніп кеткен және дәл осылай болуы керек деп санайды. Шын мәнінде олай болмауы керек. Мемлекет барлық мектептің қажеттіліктеріне, соның ішінде жөндеу жұмыстарына және басқа да іс-шараларға жеткілікті қаржы бөледі. Ата-анадан жиналған кез келген қаражат заңсыз. Бұл балабақшаларға да қатысты», — деді Бектенов.

«Мемлекеттік органдар барлық ұсыныстарды назарға алып, мәселелерді шешуде белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл жұмыс Астанада ғана емес, бүкіл елде жүзеге асырылуы тиіс».

«Астана — адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, елордалық мектептерде ата-аналардан мектеп қажеттілігі үшін ақша жинау мәселесі өзекті болып отыр. Әлі күнге дейін балабақшаға қабылдау үшін «қосымша» салым талап етеді. Кейбір колледждердің жағдайы өрт қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес келмейді. Жөндеу жұмыстары оқушылар мен студенттер есебінен жүзеге асырылады. Балалар бір оқу орнынан екіншісіне ауысқанда кейбір рәсімдер нормативті тұрғыда  реттелмейді, бұл да әкімшілік кедергілердің туындауына әкеп соғады.

Жиналыс соңында  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің жеке бақылауында болатын кемшіліктерді жою жөнінде хаттама жасалды. Еске сала кетейік, 2018 жылдың 7 ақпанынан бастап Астана қаласында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Астана қаласы әкімдігінің жемқорлыққа қарсы бірлескен жобасы жүзеге асырылуда.  Оның мақсаты — ішкі сыбайлас жемқорлықты жою және елорданың мемлекеттік мекемелеріне келген азаматтарға қолайлы жағдай жасау.