Түркістандық кәсіпкерлер жыл соңына дейін ұлттық сусыннан ұнтақ жасап, нарыққа шығарады. Бірлескен кәсіпорын жылына 100 мың тонна шұбат пен қымызды терең өңдейді. Өңірімізге іс сапармен келген ел Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке осындай тың жобалар таныстырылды. Аймаққа арнайы келген ведомство басшысы өзге де нысандарда болып, шаруалар жайына қанықты.
Ауылдағы мал шаруашылығын дамытуға негіз болатын жобаның құны — 7,5 млрд. теңге. Зауыт құрылысына 5 жарым гектар жер индустриалды аймақтан бөлінген. Оған қоса түйе және жылқы шаруашылығымен қатар ет пен теріні өңдеуді қолға алмақ. Кәсіпкерлер қазір зауытты ертерек толықтай іске қосу үшін барын салуда. Өнімдер алдымен Қытайға жөнелтіледі.
Жазира Озатқызы, кәсіпорын директорының орынбасары: «Жыл соңына дейін кәсіпорынды іске қосамыз. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Жергілікті шарулармен бірлесіп жұмыс істейміз».
Бұл — дала техникасын Оңтүстік Корея үлгісімен құрастырып сататын кәсіпорын. Қазір жылына 6 мың трактор құрастыруға қауқарлы. Шаруаларға қолжетімді болу үшін тракторлар «ҚазАгроФинанс» қаржылық компаниясы арқылы несиеге берілуде.
Дархан Қылышбекұлы, «KAZ KIOTTI» зауыты құрамындағы «Жилстрой Индустрия» ЖШС-і директорының орынбасары: «Біздің техниканың ерекшелігі — сапасы мен шаруаға ыңғайлылығында. Ұзақ уақыт үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы тракторлар ресурсқа бай. Тың технология негізінде жасалған өнімдерге әлем елдерінен де тапсырыс көп».
Еліміздегі жетекші бағыт — ауыл шаруашылығының заманауи талапқа сай өрлеуі өзекті мәселе. Ведомство басшысы жергілікті шаруаларға жаңаша идеяларды дамытып, тың дүниелерге тәуекел ете білу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, кәсіпорынның жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржылық көмек берілетінін айтып қуантты.
Мақпал Рысбаева