Бәйдібек ауданының 20 отбасына баспаналы болу бақыты бұйырды

816

Бәйдібек ауданының басшылығы жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешуге кірісті. Айтуларынша, бұл жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіледі. Мәселен, Астана күніне орай Шаян ауылының 20 тұрғынына баспаналы болуы бақыты бұйырды. Ол баспаналардың барлығы бюджет есебінен салынған.

Шаяндықтар үшін Астана мерекесі қос қуаныш болды. Ондаған отбасыға 4 бөлмелі баспана осы Елорданың мерейтойына орай берілген. Пәтер кілттері тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға табысталған. Айталық, ұзақ уақыт кезекті күткен тұрмысы төмен отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілерге ұсынылды. Облыстық аурухананың хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Жамалбек Бейсеновтің отбасы көпбалалы. Оның отбасы 10 жылдан астам уақыт бойы пәтер жалдап тұрған

Жамалбек Бейсенов, Шаян ауылының тұрғыны: “Үй кезегінде тұрған едім. Ауданда Астананың 20 жылдығына орай 20 үй біткен болатын. Сол үйден маған бір үй бұйырды. Жақсы, өте сапалы тұрғызылған. Шаян ауданының басшылығына рахмет! Енді баспанамыз бар. 10-жылдан аса уақыт пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. 9 балам бар. 5-еуі қолымда, қалғандары қалада, үйленген”.

Жаңа үй иелерінің шаруашылықпен айналысуға да мүмкіндіктері бар. Өйткені, әр баспананының жанынан үлкен жер де берілген. Ал табиғи газ әзірге орнатылмағанымен, ауыл шаруашылығы басқармасының жауаптылары мәселені реттеуге уәде етті. Сонымен бірге, жақын арада өзге де шаяндықтар баспаналы болмақ. Бұл аудан орталығын дамытудың жалпы жоспарларының бірі.

Сәкен Мырзабеков, Шаян ауылы әкімінің орынбасары: “Шаян ауылының бас жоспарына сәйкес, 55 гектарға 326 азаматқа жер телімі беріледі. Мұнда инфрақұрылым толығымен аяқталған. Қазір құрылыс бөлімінің бақылауында. Бұл жерде жарықтандыру, аяқ жол, асфальт, суағар барлығы қамтылған. Тиісті құжаттарды тапсырған азаматтарға тамыз айының аяғында үлестіре бастайды”.

Айта кетейік, соңғы айларда Бәйдібек ауданының үш ауылында екі 10 және 15 көпқабатты үйлер бой көтерген. Ал, 5 көп пәтерлі тұрғын үйдің құжаттары сараптаудан өткізіліп жатыр. Бұл дегеніміз әлеуметтік саланың негізгі мәселелерінің бірі ауданда шешімін табатын күн алыс емес.