Жаз мезгілінде еңбекке араласып, жұмыс істейтін балалар мен жасөпірімдерді жиі көреміз. Мұндайда «баланың жұмыс істеуіне заң рұқсат ете ме, бұл баланы жұмысқа жегіп, еңбегін қанау емес пе екен?» деген ой туындайды. Мұның арғы жағынан «адам саудасына ұласып жүрмей ме» деген сауал пайда болады. Сонымен, еліміздің заңнамасында кәмелет жасына толмағандардың еңбекке араласып, жұмыс істеуіне қандай шектеулер қойылған? Біздің заңнамаларда баланың жұмыс істеуіне рұқсат етіле ме? «Адам саудасының» алдын алу барысында әзірленген сериялы мақаламыздың бүгінгі тақырыбы осы сұрақтарға жауап береді.

«Даяшылық мінезімді өзгертті»
Бердияр Мүтәлі биыл 10-сыныпқа барады. Жасы 15-те. Мінезі тұйық, жасық. Көпшілік ортаға тез сіңісіп кете алмайды. Сол себепті анасы Бердиярды жазғы демалыста жастар көп жиналатын лагерьлер мен тренингтерге жібереді. «Баласының мінезі ашылып, ортаға тез бейімделіп үйренер» деп үміттенеді. Бірақ нәтиже ойлағанындай болмаған соң, баласын жанына жұмысқа алады.

Бердияр Мүтәлі, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Анам қаладағы дәмханалардың бірінде есепші болып жұмыс істейді. Жаз келгенде дәмханада даяшы болып, өз ақшасын тауып жүрген қатарластарымды көріп, маған да жұмыс істеуді ұсынды. «Ол жерде көбісі сенің құрдастарың болады. Уақытың қызық өтеді. Жаңа достар табасың әрі өз қаржың болады» деді. Осыған дейін жұмыс істеп көрмегенмін. Сабақ, одан уақыт қалса ағылшын тілін үйрену курстарына баратынмын. Бокспен шұғылданамын. Соның жаттығуына барамын. Биыл жазда алғаш рет өзім еңбек етіп, еңбегімнің жемісін көрдім. Тіпті, біраз ақша жинап, Алматы қаласына қыдырып, демалып қайттым.

Кейіпкеріміз әуелі қиындықтар болғанын жасырмайды. Айтуынша, дәмханаға келетін адамдардың мінезі әралуан. Аз уақыттың ішінде келушінің көңіл-күйіне бейімделіп, көңілін табуды үйрену ауыр тиіпті.
– Бірақ өзгелердің шамасы келгеніне қарап, намысқа тырыстым. Мәзірді жаттадым, жымиып, сыпайы сөйлеуді үйрендім,- дейді ол.
Сұрап білгеніміздей – жұмыс беруші мен Бердиярдың арасында еңбек шарты жасалыпты. Сондықтан кейіпкеріміз түннің бір уағында жұмыста қалып қоймай, кешкісін үйіне қайтады.

Кондуктор Біржан-Сержан
Сержан Тасболат Шұбарсу ауылында тұрады. Жасы 16-да. Биыл 11-сыныпқа барады. Жазғы демалысқа шыққанынан бастап әкесінің досының автобусына кондуктор болады. Осылайша күн сайын Шұбарсу-Шымкент бағытындағы (және кері) автобус ішінде жүреді.

Сержан Тасболат, кондуктор жасөспірім:
– Жұмысым ауыр емес. Керісінше, қызық. Өйткені автобусқа отыратын адамдардың дені таныстар, солармен қалжыңдасып, әңгімелесіп жүргенде уақыт тез өтеді. Биыл 11-сыныпқа барамын. Бізден кейінгі сыныптарды оқитын оқушылар бізге «бітіруші сынып оқушысы» деп ерекше қарап, үлгі алады. «Сондықтан әдемі киініп жүруіміз керек» деп ойладым. Сол оймен ақша табуды жөн көрдім. Ата-анам қарсы болмады. Отбасымыздың досының қол астында жұмыс істейтін болғандықтан, әкем рұқсатын берді. Жұмысқа шыға алмай қалған күндері менің орныма сыңарым Біржан шығады. Екеуіміз бірден жұмыс істеуімізге болатын еді. Бірақ үйде де үлкендерге қарасатын адам керек болған соң, тек мен жұмыс істеп жүрмін. Ата-анамыз «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп айтқанда аса түсініп кетпейтінмін. Енді білдім. Өз ақшаңды оңды-солды шашуға да батпайды екенсің. 27-28 тамызға дейін кондуктор боламын. Сосын мектепке дайындаламын.
Мақалаға кейіпкер іздеу барысында Бердияр мен Сержаннан басқа, әкесімен бірге үй ауласында қайнатылған жүгері сатып жүрген, базарда анасының қағаз-қалам сатуына көмектесіп, сатып алушы тауып беріп жүрген балақайларды көрдік. Ойын-сауық парктерінде түрлі аттракциондарда балаларға қызмет көрсететін жасөспірімдерді де көзіміз шалды.
Солардың жанына жақындап «не үшін жұмыс істеп жүрсің?» дегенде, бірі «ата-анама көмектесемін» десе, енді бірі «мектепке қажет заттарымды аламын» деп жауап берді. Кейбіреулері: «өзіміздің кәсіп болған соң», әкем «істе» деп айтты», дейді.
Иә, расымен де мектеп демалысы басталысымен ата-ананың да уайымы пайда болады. Ол – баласының бос уақытын тиімді өткізу. Айтпаса да анық, ата-ананың бәрі дерлік таң атып күн батқанға дейін жұмыста болады. Баласын қадағалайтын адам жоқ. Сондықтан жаздыгүні бірі баласын түрлі үйірмелерге жібереді немесе дайындық курстарына оқытады. Ал жасөспірімдер үйде отырғысы келмейді. Ақша тапқысы келіп, жұмыс іздейді.

Балалар неше жастан бастап жұмыс істей алады?
Қазақстанда жасөпірімдерге жұмыс істеуге бола ма? Балалардың неше жасынан бастап еңбекке араласуына рұқсат етілген? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін заңгер кеңесіне жүгіндік.
Заңгер Венера Шертаеваның айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 31-бабында көрсетілгендей, Қазақстанда барлық балаларға жұмыс істеуге болады, бірақ сала мен жасқа байланысты шектеулер бар екен.
Мысалы, заңгердің сөзінше, 14 жасқа дейінгі балаларға кино, театр, циркте жұмыс істеуге болады. Әйтсе де мұнда баланың денсаулығы мен адамгершілік дамуына залал келмеуі тиіс. Сондай-ақ жұмыс істеуі оқу процесін бұзбауы керек. Ал 14 жастан бастап мектеп оқушылары сабақтан бос уақытында, денсаулығына зақым келмейтін жағдайда жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. 15 жастан бастап, негізгі орта және жалпы орта білім алған жас қазақстандықтардың жұмысқа орналасуына құқы бар. Мұнда еңбек келісімшартына ата-ана немесе баланың қамқоршысы, асырап алушысы қол қоюы тиіс. 16 жастағы жасөспірімдер ата-ана қол қоюынсыз келісімшарт бекіте алады. Әйтсе де, бұл жаста ауыр жұмыс істеуіне, денсаулық пен рухани дамуына қауіпті және зиянды ортада еңбек етуіне тыйым салынған. Сондай-ақ, бұл жастағыларға жұмыс берушінің меншігін күзететін, толық материалды жауапкершілігі бар лауазымдарда жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.

Тыйым салынған жұмыстар
Заңгердің айтуынша, Қазақстан заңнамасында, кәмелет жасына толмағандарға тыйым салынған жұмыстар да бар. Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған балаларды құмар ойын бизнесіне, түнгі көңіл көтеру орындарына, өндіріс пен алкоголь, темекі, есірткі өнімдерін саудалауға шақыруға тыйым салынады.
Кәмелеттік жасқа толмаған қазақстандықтарға 4,1 келіден ауыр заттарды көтеру және тасу жағдайында жұмыс істеуге болмайды.
Сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 76-бабына сай 18 жасқа толмағандар түнгі уақыттағы жұмыстарды істеуіне рұқсат жоқ. Бұл бап бойынша 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін түнгі уақыт болып есептеледі. Заңгердің сөзінше, заң бойынша балалардың жұмыс істеу сағаты да басқаша болатындықтан оған да мән беру керек.

Венера Шертаева, заңгер:
– ҚР Еңбек кодексінің 69-бабы, яғни жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы бойынша, 14 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға аптасына 24 сағаттан артық еңбек етуге рұқсат жоқ. Сондай-ақ 18 жасқа толмаған балаларға жоспардан тыс қосымша жұмыстарды жүктеуге және жыл сайынғы еңбек демалысынан шақырып алуға және вахталық әдіспен жіберуге тыйым салынады. Ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істеуіне болмайды.

Жоғарыда айтып кеткендей, кәмелеттік жасқа толмаған баламен жұмыс беруші арасында міндетті түрде еңбек келісімшарты түзілу керек. Өйтпеген жағдайда, бұл заңбұзушылық болып есептеліп, жұмыс берушіге айыппұл салынады. Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар үшін айыппұл көлемі – 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйым субъектілері үшін – 80 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 200 АЕК дейін барады.
Сол себепті, заңнама бұзылған жағдайда сәйкес шағыммен еңбек инспекциясы органдарына жүгінген жөн.
Айта кетйік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2405 теңге құрады.

Бала еңбегін қанауға қарсы күрес
Түркістан облыстық бала, отбасы және жастар ісі жөніндегі басқармасы балалар құқығын қорғау комитетінің мамандарының айтуынша, балаларға қатысты заңбұзушылық өңірмізде күн тәртібінен түскен емес. Соның ішінде, отбасындағы зорлық-зомбылық, мектеп мұғалімдері тарапынан қысым көрсету деректерінен бөлек, еңбегі қаналып жатқан жасөспірімдер де баршылық екен.

Баянғали Жұмабаев, Түркістан облыстық отбасы, бала және жастар ісі жөніндегі басқармасының қамқоршылық-қорғаншылық және балалардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы:
– Биылға әлі бала еңбегін қанауға байланысты тіркелген оқиға, келіп түскен арыз жоқ. Көбіне ондай оқиғалар қыркүйек-қазан айларында болады. Өйткені осы кезде мақта терім жұмыстары басталады. Десе де біз ол уақытты күтпей, 2018 жылғы 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты Ұлттық ақпараттық науқанды өткіздік. Науқанды өткізу жөніндегі іс-шара жоспарына сай әрбір мектепте өмірдің қиын жағдайына тап болған немесе құқығы тапталған оқушылар үшін «Қызу желі» қызметі ұйымдастырылды. Басқарма мамандарының, жергілікті полиция қызметі өкілдерінің қатысуымен Түркістан, Кентау қалаларында және басқа да аудан, ауыл округтеріндегі елдімекендердегі жеке шаруа қожалықтарда, егін алқаптарында, авто жуу, жанармай құю бекеттерінде, кафе-тойханаларды аралады. Бала еңбегінің нашар түрлеріне тап болған балаларды анықтау мақсатында «Түнгі ауылдағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» атты кең ауқымды рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде бала еңбегінің қанау оқиғасы тіркелмеді. Десе де полиция қызметкерлерімен бірге тсүіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс 12 күнмен шектелмейді. 2018-2019 жаңа оқу жылы басталысымен қырқүйек-қараша айларында арнайы комиссиялар құрылып ауқымды түрде рейдтік жұмыстар жүргізіледі.

Жасөспірімдерге жұмыс іздеудің қауіпсіз жолдары
Жасөспірімдер өздеріне жұмыс іздегенде қандай қауіпсіз амал-тәсілдерге жүгіне алады? Біріншісі, жұмыспен қамту орталықтарына бару. Сол жерде, жасөспірімдерге маусымдық ақылы қоғамдық жұмыстар ұсынады. Ең бастысы, барлығы заң жүзінде рәсімделеді.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының тел:
77-29-12, 31-51-49

Жақсылық Төреқұлов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:
Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 10-11 сынып оқушылары қоғамдық ақылы жұмыс істей алады. Дәлірегі, оқушылар жазғы демалыс уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін, жеңіл жұмыстарда еңбек етіп, жалақы алады. Мысалы, оларға құжаттарды өңдеу, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында айналаны көгалдандыру, гүл қондыру сынды жұмыстар ұсынылады. Өтініш білдірген жас пен жұмыс берушінің арасында еңбек шарты түзіліп, оқушылар 37 мың теңге көлемінде жалақы қолдарына алады.

Түркістан облыстық
«Жастар ресурстық орталығы» МКМ тел:
30-01-72

Екіншісі, өзі тұратын елдімекендегі «Жас-тар ресурстық орталықтарына» бару. Онда жасөпірімдерге нақты жұмыс тауып бермесе де, жұмыс іздеушінің жасы мен қабілетіне қарай қандай ресуртардан жұмыс табуға болатынына жол көрсетеді.
Бұдан бөлек Қазақстанда www.enbek.kz электронды еңбек биржасы жұмыс істейді. Осы порталдан бірыңғай бос жұмыс орындар және түйіндемелер қоры бар. Дегенмен ондағы іздеу тарауында арнайы «жасөпірімдерге» деген бөлімі жоқ. Әйтсе де жұмыс өтілі талап етілмейтін, «уақытша жұмыс кестесі бар» деген хабарландыруларды көп кездестіресіз.
Әрине, оқудан тыс уақытта аз-маз табыс тауып, ата-анаға, үй ішіне көмектескен дұрыс-ақ. ҚР заңы бұған рұқсат та беріп отыр. Тек ол ата-ананың келісімімен, зияны тимейтін жұмыс болса игі. Ал балалардың құқығын шектеу, бала еңбегін қанауға жол берудің салдары жақсылыққа апармайды. Қысқасы, баланың дене бітімі, ақыл-ойы дұрыс қалыптасуы отбасы үшін де, еліміз үшін де маңызды екенін естен шығармаған жөн.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

№32, 8 ТАМЫЗ 2018 ж.