Баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек?

905

Әне-міне дегенше, бір айдан соң кезекті жаңа оқу жылы басталады. Қазірден бастап ата-аналар ұл-қызын мектепке дайындаудың қамына кіріскен. Бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай шаруа емес. Бір баланы мектепке киіндіру мен қажетті заттарын алу үшін қанша теңге керек? Бір белгілісі, былтырғыдан әлдеқайда қымбат. Сонымен, анығын білу үшін, біз де базар бағасын бағамдап көрдік.

Мектеп формасы мен құрал-жабдықтардың бағасы күн санап өсіп барады. Мектепке керек киім-кешек пен құрал-жабдықтарды ең тө­менгі бағамен есептегеннің өзінде, біршама шығындалуға тура келеді. Мәселен, тізімнің басында тұратын мектеп формасын алайық.

Мектеп формасының көбі Түркия, Ресей, Қытай және Бішкекте шығарылады. Бүгінде Соңғысының саудасы қызып тұр. Ең бастысы, әрине, осы киімдердің бағасы. Есептеп көрсек, мектеп формасы 10-13 мың теңге көлемінде тұрады. Бірақ, оған тағы қосымша бірнеше жейделерді қосамыз.

Даурен Бигелдиев, сатушы:  «Көбіне клиенттер Өзбекстан елінің тауарларын сатып алып жатыр. Өйткені өзбекстандық тауарлардың бағасы арзан әрі сапалы».

Балаларын мектепке дайындап үлгерген ата-аналар биыл бағаның бірден үш есеге шарықтап кеткенін айтады. Дегенмен, әр ата-ана қалтасына қарай, баласы үшін сапалы тауарды таңдап алғысы келеді. Ескеретін жәйт, мектеп формасымен балалар күні­не кемі 5-6 сағат жүреді. Осы уақытта үс­тін­дегі киімі қыспай, ауа өткізіп тұруы маңызды. Бұл, ең алдымен, балаңыздың денсаулығы үшін маңызды.

Сонымен баланы мектепке дайындау үшін қанша тұратынын орташа есептеп көрдік: нәтижесінде мектеп формасы 22 мың теңге, аяқ киім-7-8 мың, спорттық киім-3000, кеңселік тауарлар мен сөмке шамамен 20 мың теңгеге барады. Қорыта келгенде, бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 50 мың теңге қаражатыңыз болуы керек. Ал, көп балалы отбасындағы шығынды айтудың өзі артық.

Лаура Нақыпқызы