«7-20-25» бағдарламасының атын жамылған жалған жарнамалар халықты шатастыра бастады. Ғаламтор мен әлеуметтік желілерде құрылыс компаниялары мен тұрғын үй кооперативтері «7-20-25» бағдарламасының атын жамылып, жалған ақпараттар таратып жатыр, деп хабарлады sputniknews.kz «Баспана» ипоткалық ұйымы» АҚ-на сілтеме жасап.
«Айталық, 0-20-25, 5-19-25, 5-10-25 сынды түрлі акциялар пайда болды. Алайда олардың шарттары «7-20-25» бағдарламасының шарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Олардың «7-20-25» бағдарламасына еш қатысы жоқ. «Баспана» ипотекалық ұйымы түрлі түсініспеушілік туындамау үшін халықты мұндай акциялар мен жарнамаға өте сақ болуға шақырады. Мысалы, 25 — жылына берілетін кредит емес, 25 айға ғана созылған кредит болуы мүмкін. Сонымен қатар, кей кездері мұндай акцияларда 20 саны алғашқы жарна емес, кредит бойынша үстеме мөлшерлемесі болып шығады», — деп жазылған хабарламада.
Компания «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиені тек бағдарламаның серіктес-банктері бере алатынын еске салған, олар: Центркредит банкі, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK мен Евразиялық банк. Ал құрылыс компаниясы немесе тұрғын үй кооперативтері еш уақытта «7-20-25» бағдарламасымен несие бере алмайды. Сонымен бірге, құрылыс компаниясы ұсынған бөліп төлеу «7-20-25» бағдарламасы болып табылмайды.
«Бүгінгі таңда «7-20-25″ бағдарламасының шарттары нарықтағы ең тиімді ұсыныс болып отыр. Тиісінше, осы нарықтағы түрлі компаниялардың президенттік бағдарламаның атын жамылып, өз өнімдерін өткізуге ұмтылып жатқаны да байқалады. Біз нарықтың дамуын қолдаймыз, алайда олай халықты алдауға түбегейлі қарсымыз», — деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.