Бассейнді суға толтырмақ болған қария токқа түсіп қайтыс болды

483

Сұмдық жағдай Шымкенттегі жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. 1963 жылы туылған ер азамат электр сорғыны пайдалану кезінде тоқ ұрып, оқиға орнында көз жұмған. Төтеншеліктердің айтуына қарағанда, ол өз үйінің ауласындағы хауыздың суын ауыстырмақ болады.

Бассейнді судан толық тазартып болған соң электр сорғының көмегімен су толтырмақшы болған ол алдымен құрылғыны тексеріп көруге әрекеттенген. Сорғыны хауыздың ішіне салып, әйеліне оның моторын электр қуатына жалғауды өтінеді. Сол мезетте электр желілерінің тұйықталуынан марқұмды тоқ ұрады. Сол мезетте аулада ойнап жүрген 9 жасар немересі атасына қарай жүгіріп барады. 2009 жылы туылған қыз баланы тоқ ұрып, қас пен көздің арасында бір отбасы екі бірдей адамынан айрылды.

«Бұл оқиға туралы суыт хабар үстіміздегі жылдың 26 — шілдесінде сағат 21:30-да келіп түскен. Қайғылы жағдай жыл басынан бері шаһарда орын алған электр тоғын абайсыз пайдалануға қатысты екінші оқиға» деп хабарлайды Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметі.

Мақпал Рысбаева