«Бастау Бизнес» жобасының ақыры не болмақ?

436

Жыл аяғына дейін 1700 кәсіпкердің әлеуетті бола тұра өз ісін аша алмайтын түрі бар. Олар «Бастау бизнес» жобасы аясында «Кәсіпкерлік негізі» курстарынан өтуі тиіс. Алайда, кәсіпкерлік палата өкілдері жоба тоқтап қалуы мүмкін деп алаңдаулы. Мамандардың айтуына қарағанда, екінші жарты жылдықтың қаржыландырылуы облыс бюджетінен қарастырылу керек.

Данияр Дармен, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Алғашқы жарты жылдықта аудандарда 1700 адам оқыған. Оған қажетті қаражат 98 млн. теңге республикалық бюджеттен қаралған. Бағдарламаның үйлестірушісі ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қаржының жоқтығын айтып, облыстық бюджеттен сұрау қажеттігін айтты. Біз облыс әкімдігіне шықтық. Экономика басқармасы, әкім орынбасарына шықты. Анықтағанымыз, бүгінде «Бастау бизнес» жобасын жалғастыруға қаражат жоқ. Сондықтан жоба тоқтап қалайын деп тұр».

Курсты аяқтаған үміткерлер сертификат алып, жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға өтініш бере алады. Жыл басынан бері жобаға қатысқан 1700 адамның 122 -сі ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған қолдауға ие болған.

Палата өкілдерінің айтуынша олар тігін, кондитерлік цехтарын ашып, туристік таксопарктермен, робототехника мектебімен айналысады. Мал шаруашылығына қатысты іске асырылған жобалар да аз емес екен. Бұл жәйт «Бастау бизнес» жобасының қатысушыларын да алаңдатып отыр.

Жобаның мақсаты — ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту. Бұл курсқа жұмыссыздар мен өз-өзін жұмыспен қамтушылар, сондай-ақ, өз кәсібін ашқысы келетіндер мен бизнесін дамытуды көздейтіндер қатыса алады. Өңірге іс сапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жобаны жалғастыру үшін қазір барлық шаралар қолға алынып отыр деп сендірді.

Светлана Жақыпова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі: «Осыған дейін 1 жарым мыңнан аса азамат оқып шыққан. Қаржы игерілген. Облыста бұл жоба тоқтап қалмауы керек. «Атамекен» РКП республикалық палатамен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз».

 

Мамандарының сөзіне қарағанда курсқа қатысушылардың арасында өз қаражатына бизнесін ашқандар да бар. Айта кетейік, былтырғы жылы облыста бұл жоба аясында мың жарым адам курсқа қатысқан. Оның 400-ден астамы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. Жыл аяғына дейін Түркістан облысында жоспар бойынша 3 жарым мыңға жуық адам курсқа қатысып, сертифиакат алуы қажет екен. Бұл курстар тамыз айының жартысынан басталуы тиіс еді.

Мақпал Рысбаева