Бастауыш партия ұйымдарының мүшелері Шымкентте бас қосты. Елдегі 5 мыңнан астам бастауыш партия өкілдері жиналған форумда мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті жерлерде орындалу жолдары талқыланды.
Елбасының әлеуметтің әлеуетін көтеретін шараларын халыққа тікелей жеткізу жағы да жоспарланды. Форумның жұмысына Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан ірі бастауыш ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Екі күнге жалғасатын іс шараның бірінші күні секцияларда сала бойынша талқылаулар жүргізілуде. Жиында нұротандықтар бастауыш партия ұйымының жұмысын бағалау, ынталандыру жүйесін енгізу арқылы жаңа бағытта жұмысты жандандырмақ. Әрбір партия мүшесінің жауапкершілігін арттыра отырып, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруды мақсат еткен көшбасшы партия халықты сауаттандыру бойынша ауқымды жұмысқа кіріскен.
Руслан Сайлаубаев, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы орталық бастауыш партия ұйымының төрағасы: «Бүгінде әрбір партия мүшесі өзінің жұмысқа деген ынтасы, қабілеті арқылы жаңа қызмет орындарына ұсыныла алады. Бұл әрине, ынталандырады. Мен белсенділік танытып, адал жұмыс істегендіктен бүгінде жас депутаттардың бірімін. Жауапкершілікті сезінемін, сенімді ақтауға тырысудамын. Жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына қолымыздан келгенінше көмек көрсетудеміз. Олардың бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасап жатырмыз. Осы бағытта қадам жасасақ кезеңімен барлық жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Тек еңбектену керек».
Бастауыш партия ұйымдарының өкілдері цифландыруды, мемлекеттік жастар саясаты жүзеге асыру, бизнестің геоақпараттық онлайн қызметі, шағын және орта бизнесті қолдау сынды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын сөз етті. Жалпы 22 жаңа партиялық жобаларды іске асыру тәсілдерін талқылады.
Тамара Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы: «Елбасы бізге үлкен міндеттер жүктеді. Бес әлеуметтік бастамалардың жергілікті жерлерде жүзеге асуы да өте маңызды. Ол қатардағы партия мүшелерінің де міндеті. Сондықтан да партия мүшелеріне талап та күшейтілуде, партияға мүше боламын деген адамға ұсыныс берген азаматтар да жауапкершілікті сезінуі тиіс».
Сонымен қатар, аймақтық форумға қатысушыларға «Цифрлық партия» жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, олар сөз сөйлеу шеберлігіне машықтанып, саяси коммуникация сияқты маңызды тақырыптарда пікір алмасты. 23- тамызда аймақтық форум жұмысын қорытындылап, жинақталған ұсыныстар қазанда жоспарланған ресапубликалық форумда талқыланып, нақты шешімдер қабылданады.
Шынар Оразова