Биыл Шымкентте оқулық тапшылығы болмайды. Сала мамандары қаладағы барлық мектептің сұранысын қанағаттандырған. Айтуларынша, артығымен тапсырыс жасағандары да бар. Айта өтейік, биыл 3-6-8 сынып оқушыларының кітаптары жаңартылған.
Қала мектептеріне үлестіріліп жатқан оқулықтардың сапасы кітапханашылардың көңілінен шығыпты. Айтуыларынша кітаптардың көлемі шағын, безендірілуі де баланың көңілін аударуға ыңғайластырылған. Былтыр оқулықтың тым көптігінен бұрын, көлеміне шағымданған ата-ана бұл өзгеріске оң бағасын береді деп ниеттенеді.
Пазылхан Асауов, Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы: «10 пайыз артық тапсырыс бердік бірінші сыныпқа. Ал қалған сыныптар мектептердің берген тапсырыстарына сай алынды. Оқулық тапшылығы болмауы тиіс».
Жасыратындығы жоқ, жыл сайын оқулық тапшылығы орын алатын. Бала санының күрт өсуі салдарынан деп ақталатын сала мамандары, биыл өзгеше қадамға барыпты. Биыл пән оқулықтарына артығымен тапсырыс берілген. Нәтижесінде, кітап іздеп сандалатын ата-аналар болмайды деп үміттенеді.
Нұрлан Күдерұлы