Блокчейн – қағазсыз дәуірдің басы

681

Алғашында таңсық естіліп, кейін тұрмыс шындығына айналған түсініктер мен терминдер болады. Біз қаржылық қарым-қатынастардың өзінен ондаған терминдерді тұрмысымызға сіңіріп алдық («пин-код», «авторизация», «верификация», «ID», т.б.). Енді «блокчейн» деген әңгіме шықты. Ол не — өтетін де кететін кезекті науқан әлде сәнді сөз бе, болмаса — мұқтаждық па? Осы мақалада сол сөзді кәсіби терминология орманынан аршып тастап, мейлінше қарапайым мазмұндауға тырыстық.

Өкінішке қарай, интернетте «блокчейн» түсінігі жөніндегі ең қарапайым түсіндірмелерді шолған автор, тағы да ештеңе таба алмады. «Хэш-функция», «блоктар тізбегі» сияқты — криптографиядан бастап, математикаға дейін ұласатын терминдерден аяқ алып жүргісіз мақалалардың қатардағы тұтынушыға айтары жоқ. «Блокчейн» — ішкі жүйесінен бастап түсіндіруге қиын тақырып. Шынымен, біздің көбіміз смартфонның, теледидардың қалай жасалғанын білмейміз ғой? Бірақ сонда да пайдаланып жүрміз. Ендеше блокчейннің ішкі құрылымын түсіндіргеннен, оны қалай қолданатынын айтқан дұрыс болар.

ТОҚЕТЕРІ

Бірінші мысал. Қолдан-қолға көшіп жүретін шектеулі ортақ ресурс бар делік (ақша, балабақша-пәтер кезегі, грант, т.с.с).
Бұрын оларды жағдайымызға қарап, адам (мысалы, шенеунік) үлестіретін. Расы керек,адамға сенім аздау. «Бармақ басты — көз қыстымен» басқа біреу алдымды орап кетеді деп уайымдаймыз ғой осы күні. Ал осы үлестіру блокчейн жүйесінде болса, алдау тіпті мүмкін емес (теорияда). Себебі адамдар бірі бірінің жағдайын (тиесілі жеңілдіктерін, әлеуметтік жағдайын, т.с.с.) әлгі адам арқылы емес, тікелей көріп отыратын болады. Оның үстіне, блокчейн жүйесінде — ресурстың кімге тигені, қашан тигені, одан қашан босайтыны анық көрініп тұрады. Бұл жерде блокчейн — әділетті бөлу құралы.

Екінші мысал. Екі кәсіпкер бар делік. Олар банктің көмегінсіз өзара қарым-қатынас жасай алуы нешік.
Кәсіпкер A кәсіпкер B-дан тауар алуы үшін оның банктегі есепшотына ақша аударуы керек. Банк есепшот ашқаны, ақшаны алғаны-бергені, т.с.с. сияқты қызметтері үшін сыйақы алады. Сосын банктің өзіне қатысты тәуекелдер де бар (банкроттық, құлдырау, хакерлік шабуылдар сияқты). Ал сол кәсіпкерлер әлдебір ережемен түзілген блокчейн жүйесінде болса, бірі біріне ақшаны тікелей аударып, банктің қажеті болмай қалар еді! Оның үстіне, сақтау тәуекелдері де жоқ: ақшаң әрқашан өз шотыңда. Өзіңе өзің банк, өзіңе өзің қожа! Оның үстіне сенбі-жексенбі демей, таң-түн демей, аптаның кез келген күні, тәуліктің кез келген мезгілінде келісім жасап, қаржы аудара беруге болады.

Біз тек нотариалды куәліктерге қанша уақыт пен ақша жоғалтамыз. Үй алу үшін: үйдің — сатушының өзіне тиесілі екенін, басқа ешкімге тиесілі емес екенін, сатушының сатуға әлеуетті дені сау адам екенін, т.с.с. ондаған жайттарды тексеруге мәжбүрміз. Ал нотариалдық жүйе блокчейнде болса, екі тарап еш делдалсыз бірі-бірінің қаржылық, заңдық әлеуетіне әп-сәтте көз жеткізіп, үй саудасы «сақал сипағанша» бітер еді.

Қарапайым сөзбен айтқанда блокчейн — адамдар бірі бірі туралы іске қажет барлық мәліметті көріп отыратын ақпараттық жүйе. Блокчейн жүйесіндегі балабақша кезегінде — кезекте тұрған адамдар басқалардың артықшылықтарын, жеңілдіктерін көріп отырар еді де, дау-дамай болмас еді. Блокчейн жүйесіндегі нотариат жүйесінде адам сәйкесінше, бірі бірінің заңдық әлеуетін қадағалай алады. Оны нотариус әлде мемлекеттік ұйымның растауының қажеті жоқ. Бұл ақпараттық жүйеде мәліметті өзгерту, жалған мәлімет беру тіпті мүмкін емес (теорияда әрине). Оның үстіне, блокчейн жүйесі орталықтанған жүйеге тәуелсіз. Мысалы банктердің ақпараттық жүйесі шабуылдардан әлде техникалық себептерден құлдыраса, банкке тәуелді барлық тараптың жұмысы тоқтауының қаупі бар. Ал блокчейнде әр адам – өзі және басқалар туралы мәліметтерді әрқашан өзімен бірге алып жүреді. Бұл – ендігәрі сіз қандай да орталыққа тәуелсіз түрде медициналық картадан бастап, жүргізуші куәлігіне дейін алып жүре аласыз деген сөз.

ОЛ АЗ БОЛСА…

Блокчейн жүйесін тек қоғамдық қатынастарды жеңілдетуге керек деп ойлауға болмайды. Негізі, тарихының өзі оның о баста техникалық мақсаттар үшін жасалғанын көрсетеді. Оның ішіндегі ең бастысы – жүз пайыз нақты идентификация, яғни сенің – тап сен екеніңді дәлелдеу.
Мысалы, банкке әлдебір компьютер қосылса, оның осы банк жүйесіне тиісті екенін және бөтен емес екенін біліп барып, әрекетке рұқсат беру керек. Мұны мысал үшін жорта ойлап тапқан проблема екен деп қалмаңыз. Қазақстанда жетілдірілген идентификация жүйесінің болмауынан банктен ақша ұрлау қылмысы әлдеқашан тіркеліп үлгерді. 2000-жылдарда ақтөбелік «Компания «ГИС» кәсіпорны кәдімгі «банк-клиент» программасының кесірінен 1 млн долларынан айырылды. Ол қалай болды? Алаяқ программист банкке төлем жөнінде нұсқау беретін «банк-клиент» программасының құпия сөзін біліп алған. Сосын уақытша кәсіпорын тіркеп, соған 1 млн доллар ақша аударып, оны банктен қолма-қол алып, зым-зия жоқ болды.
Блокчейн жүйесі болса, нақты идентификация мәселесін шешеді, онымен қоймай – біреудің атын біреу жамылу мүмкіндігін жоққа шығарады (тағы да – теория жүзінде әрине). Тек биометриялық мәліметтер арқылы аутентификация жасау (саусақ ізі, көз қарашығы, келбеті сияқты) технологиясының өзі болашақта құпиясөздің өзін керек қылмайын деп тұр. Дөрекі айтқанда, блокчейнде — өмірдегі паспорт жүйесінің көшірмесін жасауға болады.
Бұған қоса, блокчейн бүгінде өзекті болып отырған «ақылды қала» концепциясында басты рөл ойнай алады. Қазір жер-жерде, оның ішінде Шымкент қаласында да қолға алынып жатқан «Smart city» жобаларында блокчейн жүйесіне орын бар. Әңгіме толық болуы үшін кемеліне жеткен «ақылды қаланы» бір сәт елестетейікші.

Сіз автобусқа мінесіз, ал оның есігінде орнатылған бейнекамера «сізді танып», жолақысын есепшотыңыздан шегеріп қалады. Осылайша, енді қолма-қол ақша түгілі, карта да қажет емес!
Театрға келіп, саусақ ізімен билет ала қоясыз. Билет ақысы әлгіндей әдіспен алынар еді.
Бұл уақытта үйіңіздегі түрлі есептегіштер коммуналдық шаруашылықтардың терминалдарымен өзі «хабарласып», электр қуатының, жылудың, судың, т.б. ақысын «өз бетінше төлей береді».
Арнайы сенсорлар науқастың жай-күйіне байланысты әлеуметтік қорғау қызметкерлеріне немесе дәрігерлерге шақырту жібереді. Немесе тоңазытқышыңыз супермаркетке қажетті азық-түлікке тапсырыс береді.
Әрі қарай қиял жеткенше көсілуге болады. Осы жерден тоқтайық. Себебі жұрт шатасатын тұсқа да жеттік.
«Мұның барлығы бұрын да мүмкін еді ғой?» деген боларсыз, ендеше орынды сұрақ қойып отырсыз. Автордың өзі 2000-жылдарда-ақ кілттің орнына саусақ ізін басып кіретін қызметтік есікті пайдаланған. Адамзаттың QR-Code немесе PayWare жүйесі арқылы қолма-қол төлем жасап жүргеніне он жыл болып қалды. Сонда блокчейннің артықшылығы не болмақ?

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Блокчейннің бұрынғы жүйелерден артықшылығы – паспорт деңгейіндегі нақты айқындау мен мәліметтердің дербестігі болмақ. Оны түсіндіру үшін тағы бір қарабайыр мысал келтіруден қашпайық.
Мысалы, медициналық карталар сақталған мұрағат сау-тамтығы қалмай өртеніп кетті делік. Оны қалпына келтіру үшін бүкіл халықты қайта жұмылдыру керек болар еді. Оның үстіне, медициналық картадағы жазбаларды қалпына келтіруге тіпті халықтың өзі көмектесе алмайды: ондағы мәліметтер тым кәсіби ғой. Бұл жағдайда – бүкіл халыққа жаңадан карта ашқаннан басқа амал жоқ. Сондай қажет – бұрынғы аурулары, анализдері туралы мәліметтер біржола жоғалады. Ал осы медициналық карталар блокчейн жүйесінде болса, онда мәліметтердің көшірмесін қоя салу жеткілікті. Медициналық карталарды қалпына келтіру бір тәулік те алмас еді.
Мысал мысалымен, бірақ автордың өзі осы жайтты басынан кешіргені рас. Тоқсаныншы жылдарда емханалар қысқарып-ұзарып, қосылып-ажырасып, оңтайландырып жүргенде туғаннан бері жүргізілген медициналық картам жоғалып кетті. Қазір 2001 жылы мектептің шақпақ дәптеріне жазылған картамен жүрмін. Қанша мәлімет, тіпті өзімнің есімде жоқ мәліметтер біржола жоғалды. Блокчейн жүйесінде болғанда — ол бэкап (көшірмесі) жасалып бір, өзімде флэште екі сақталып, бүкіл мәлімет орнында болар еді.

Келтірліген медициналық карталардың мысалы банктен бастап, мемлекеттік органдардағы тіркеуге дейін байланысты. Орталықтанған мәліметтер қоры әрқашан қауіпті болған. Интернет дәуірі басталғаннан бері сіз хакерлік шабуылдардың кесірінен, немесе қатардағы қызметкердің ақымақтығынан тұралап қалған банктердің, мемлекеттік органдардың сайттары мен серверлері туралы жаңалықтарды оқып жүрсіз. Ал орталықтандыру табиғатына жат блокчейн жүйесінде ақпарат әрқашан сақтаулы, оның үстіне — соңғы әрекеттерге дейін жазулы тұрады.

ӘУЕСТІК ПЕН ҚАЖЕТТІЛІК

Қазір блокчейн жүйесін жер-жерде ауылшаруашылық трактордан бастап, жылыжайға су жіберу жүйесіне дейін қосып, эксперимент жасап жатыр. Бұл жерде бізге тиімділік мәселесі туады. Шынымен, блокчейн бүгінгі фермердің қандай мәселесін шешеді? Мойындау керек: ешқандай. Сән үшін болмаса, экономикалық тиімділігі әзірге жоқ. Ендеше, блокчейн жүйесіне тап қазір, дереу көшу жөніндегі ұрандарға автор тарапынан түсінбеушілік туып жатады. Америкада 1960 жылдарға дейін жерді өгізбен жыртатын фермерлер болған екен. Себебі, кейбір фермелерге жер жағдайы мен жанар-жағармай тұрғысынан трактор тиімді болмаған. Одан АҚШ-ты артта қалған ел деп ешкім айтқан жоқ.
Блокчейн де солай. Ол әуестіктің емес, экономикалық тиімділіктің мәселесі болуға тиіс. Мысалы, e-үкімет жүйесі о бастан тиімді болды. Қапырық кабинеттерді аралап, ұзын-сонар кезекте тұрудың орнына, тінтуірдің батырмасын бір шерту арқылы мекен-жай анықтамасын алу шынымен оңтайлы. Блокчейн де салған жерден тиімді болуы тиіс. Тұтынушылар тарапынан мойындауға ең басты көрсеткіш осы.
Блокчейн үшін ең алдымен дәстүрлі технологиялардың дамуы қажет. «Smart city» жобалары блокчейн технологиясына негіздеме болуға әдбен жарайды. Мысалы, еліміз бүгіндері сыбайлас жемқорлық пен парақорлықты мейлінше болдырмау үшін қатардағы азамат пен шенеуніктің байланысын барынша болдырмайтын технологияларды енгізіп жатыр. Шымкент қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен жасалған балабақшаға, мектепке кезекке электронды тұру жүйелері бар. Бұлар блокчейн платформасына толық өтуі үшін халықпен қарым-қатынас жиілігі артып, операциялық немесе стратегиялық қателер анықталуы тиіс. Себебі блокчейн ғана емес, жалпы ақпараттық технологиялар — институттық жұмыс. Олардың о бастан математикалық, логикалық тұрғыдан айқын формасы жоқ, бұл – тек халықпен қоян-қолтық жұмыс кезінде ғана дамитын технология. Асқын жүктемеге, күнделікті заңнамалық казустарға байланысты әрқашан тест жасалып отыратын жүйе. Сондықтан, бұл жүйелер тұрғындар тарапынан да жиі пайдаланылып, олардың кездестірген қиындықтары мен сын-пікірлері топталып, сәйкесінше жетілдіріліп отыруы керек. Тек сонда ғана жоғарыда айтылғандай — қиял көрінетін блокчейн жүйесінің бар ғажабы қажеттілікке айналып, жүзеге асқаннан кейін үйреншікті іс болып кетеді. Бұл — ақпараттық технологиялардың барлығына ортақ өмір циклы. Жасалғаннан кейін бірден еш қатесіз жұмыс істеп кеткен бір де бір ақпараттық жүйе жоқ.

Бұрынғыдай, жаңалықты «жоғарыдан төмен қарай» әдіспен енгізетін замандар өтіп кетті. Енді тек «төменнен жоғары қарай» — тұтынушының сұранысына байланысты даму кезеңі келді. Ал бұл — тек «жауапты шенеуніктердің» ғана емес, ең алдымен — қатардағы тұтынушылардың ісі. Сіздер қазір ұсынылып отырған e-үкіметтен бастап, жекелеген жобаларға дейін жиі пайдалансаңыздар, бір күні жоғарыда сипатталған игіліктердің күнделікті тұрмыстық көрініс болып қалатыны сөзсіз.

Ерлан Оспан, IT-сарапшы

«Оңтүстік Рабат» газеті

№30, 25 ШІЛДЕ 2018 ж

материалды көшіріп басқанда,
бастапқы 2-4 сөйлемдерінде гиперсілтеме және соңында авторы, газет
атауы (нөмірі, шығу күні) көрсетілуі міндетті