Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №4 үй тұрғындарынан маза кетті. Көпқабатты үй көше бойына жақын орналасқан. Сол себепті үйдің бірінші қабатына түгелімен комерциялық нысандар орналасқан. “Тұрғын үйлерге жақсы орныққан кәсіпкерлер тазалыққа мән бермейді”,- дейді көпшілік. Қоқыстарын жиыстырып жүрмейтін кәсіп иелерін тәртіпке шақырудан шаршаған тұрғындар әкімдікке әлеуметтік желі арқылы шағымданды.
Бұл көпқабатты үйдің ауласы өткен жылы абаттандырылып, балалар ойнайтын жаңа үлгідегі алаңша жасалған болатын. Аудан әкімдігі көпшілік тынығып демалатын орындардың тиісті жабдықтарын түгелдеп, қоқыс тастайтын құтылар орнатылды.
Дегенмен, осы үй тұрғындары әлеуметтік желі арқылы өз шағымын білдіріпті. Олардың айтуынша, мәселенің бәрі қоқыс тастайтын жәшіктерден туындаған. Үйдің бірінші қабатында орналасқын комерциялық нысандардың қызметкерлері шағын ғана құтыны қоқысқа толтырып, ауланы ластайды екен. Сол себепті, құтылардан бас тартып отыр.
“Өздеріңіз көріп тұрсыздар бізді қоршаған дүкендер, ал оның қызметкерлері бар қалдығын осында тастайды. Әкімдіктен құтыларды алып тастауды өтінгенбіз”, — дейді әбден зәрезап болған тұрғындар.
Жасыратыны жоқ, көпқабатты үйдің ауласы бекітілген кесте бойынша тазартылады. Бірақ тазалық мәдениеті қалыптаспай, істелген жұмыстың бәрі нәтижесіз бола бермек. «Күніне екі рет сыпырсаң да, алақандай ауланы таза ұстау мүмкін емес», дейді тазалықшылар. Тұрғындардың пікірі де осыған саяды.
Тұрғындардың әлеуметтік желіге жариялаған шағымдарын анықтауға келген аудан әкімдігінің мамандары ауланы, да құтыларды да көріп шықты. Айтуларынша, қоқыс құтыларын алып тастауға болады. Бірақ, оған үй тұрғындарының барлығының келісімі болуы шарт.
Әкімдік қызметкерлері тұрғындарға «сіздер көршілеріңізбен келісіп, бір ауыздан хаттама толтырсаңыздар біз талқылап көрейік. Мүмкін болса өтініштеріңізді орындауға тырысамыз” деді.
Бұдан бөлек аудан әкімдігі аула тазалығын сақтауға комерциялық құрылымдардың қызметкерлерін де сенбілікке жұмылдыратын болды.
Нұрлан Күдерұлы