Доллардың қымбаттауына байланысты қазақстандықтар үшін шетелде демалу бағасы айтарлықтай өзгермейді.
«Туристік жолдамалардың бағасы негізінен АҚШ долларымен қалыптасатынын ескерсек, олардың өзіндік құны сәл ғана өзгереді, тек теңгемен қайта есептегендегі бағасы ғана өсуі мүмкін. Себебі туроператорлар бағаларды қазіргі курспен қайта есептейді, ал доллардың курсы біраз өскені байқалады. Сол себепті туристік жолдамалардың бағасы өскен жоқ, тек оның теңгемен қайта есептегендегі құны өзгерді деген дұрыс болады. Алайда, доллармен алғандағы жолдамалардың да бағасы бірқалыпты емес. Бағыты, маусымы мен қонақ үйдің жайлылығына қарай бағаның құбылуы қалыпты жағдай, деп хабарлайды «Туристік Қамқор» Корпоративті Қорының
Баспасөз қызметі.
Доллардың сәл қымбаттай түсуі үстіміздегі жылғы жаз маусымында туристік ағымға еш кері әсерін тигізген жоқ. Жаздың үш айында 140 мың қазақстандық туркодпен шетелде демалып үлгерді. 2017 жылы 260 мың адам демалған болатын. Яғни алыс шетелде демалуды жоспарлайтын отандастарымыздың саны жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады», — деп хабарлайды «Туристік Қамқор» Корпоративті Қоры.
«Тамыз айының соңында мұсылман әлемінде аталып өтілетін үлкен мерекеге байланысты (Құрбан айт) туристік жолдамалардың бағасы біршама қымбаттайды. Түркия бағытындағы бағалар қыркүйектен бастап төмендей бастайды. Бұл кезде Қазақстанда жаңа оқу жылы басталады, яғни демалушылар саны күрт азаяды. Қазақстандықтар Түркияны отбасымен демалу үшін таңдайды. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қыркүйектің соңында Түркияда бес жұлдызды қонақүйде екі адамға шаққандағы сегіз күндік демалыстың құны 800 мың теңге болса, Египеттегі тура осындай демалыс 500 мың теңгеге түспек. Египетте күз бен қыс айларында демалыс бағасы жоғарыласа, Түркиядағы демалыстың бағасы керісінше біртіндеп арзандай түспек», — деп хабарлайды Қордың Баспасөз қызметі.
Соңғы кездері алаяқ турагенттердің саны көбейіп барады. Олар туристерден жолдамалардың толық құнын жинап алып, аяқасты жоқ болып кетуде. Оның үстіне шетелге демалуға шыққан отандастарымыздың арасында алақол туроператорлардың әрекеттерінің кесірінен қонақүйге орналаса алмай, елге қайтуға билеттің сатып алынбау секілді жайсыз оқиғаларына тап болып жатады.
Сол себепті де, «Туристік Қамқор» Қоры шетелге шықпас бұрын алдымен өзіңіз тоқтайтын қонақ үй бронын, елге кері қайту билеті мен ТУРКОД-ты тексеріп алуға кеңес береді.
ТУРКОД деген не? Туристік код 11-13 (шығатын елге қатысты) қаріптік-сандық символдардан тұрады. Ол әр жолдаманы ресімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист күтпеген жағдайға тап болған кезде Қормен байланысып, өзінің туркодының нөмірін хабарлайды және шұғыл түрде 24 сағаттың ішінде көмек күтуге құқылы.
Туркод жеке парақпен немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда туроператордың қызметі заңсыз деп танылады және сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқылысыз.
Келеңсіз жағдайға тап бола қалған жағдайда, ТУРКОД сіздің ең жақын уақыттағы рейспен елге аман-есен оралуыңыздың кепілі.
Туроператорға туристік кодты Қор жарна мен (бір турист үшін жарнаның көлемі 1 АЕК – 1202 тг. Ол соманы турист үшін туроператор өзі төлейді) банктік кепілдемелер (12 млн мен 36 млн теңге аралығында) төленгеннен кейін ғана береді.
Бүгінгі таңда «Туристік Қамқор» Қорының құрамына 56 туроператор мүшелікке енген. Олардың тізімімен fondkamkor.kz сайтында танысуға болады. Алайда Қазақстанда шетелге шығумен айналысатын ұзын саны 140 компания қызмет етеді. Яғни қалған сексеннен астам туроператор қауіп-қатерге бас тіге отырып, заңды талаптарға сәйкес келмейтін жағдайда қызмет көрсетуде деген сөз. Ондайда шетелде демалыста жүрген отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Қазақстанда 2016 жылдың қарашасында заңнамалық деңгейде Қазақстан Республикасындағы шетелге шығу туризмі аясында азаматтардың құқықтарына кепілдік беретін «Туристік Қамқор» жүйесі енгізілді.
Қордың бүкіл жұмыс істеген уақытында 507 мың қазақстандықтарға туркод берілді.