Араға жылдар салып өз еншісін қайтадан алған Келес ауданында тың жобалар жүзеге асуда. Жуантөбе елді мекенінде іске қосылған кәсіпорында пресс жіп иіріліп, қыш шығарылып жатыр. Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың ауданға жасаған іс сапарында осы өндіріс орындары таныстырылды.
Жуантөбе елдімекеніндегі бұл серіктестікте қос бірдей өндіріс түрі қолға алынған. Түркиядан әкелінген құрылғылар жылына 1000 тонна пресс жібін өңдеуге қауқарлы. Өңірде аса сұранысқа ие тауарды нарыққа шығару үшін жеке кәсіпкер 250 млн. теңге қаржысын жұмсапты.
Кәсіпкерлер сөзіне қарағанда жылына Ресей елімізге 16 мың тонна пресс жіп импорттайды екен. Осыны ескерген келестік іскерлер құрылғылар санын көбейтіп, кәсіпорынды кеңейтеміз деп отыр. Алдағы уақытта екі желіні іске қосып, өнім көлемін арттырмақ. Пресс жібін өңдеуге қажетті полипропилен солтүстік өңірлерден жеткізілуде.
Мұқан Қожабаев серіктестік директоры: «Жіпті өзіміздің жергілікті өндіріс орындары жақсы алып жатыр. Жалпы, бұл — облысымыздағы бірегей жоба. Ресейдікінен кем емес. Бағасы да төмен. Жергілікті 15 адам жұмыспен қамтылған».
Ауданға іс сапармен барған аймақ басшысына кірпіш өндіретін шағын цех та таныстырылды. Мұнда күн сайын орташа есеппен 30 мың дана кірпіш шығарылады. Бүгінде құрылыс қыз-қыз қайнаған күнгейде бұл тауарға да сұраныс жылдан-жылға артып келеді дейді кәсіпкерлер.
Мақпал Рысбаева