Колледждер құжат қабылдап жатыр

761

Биылғы ҰБТ аяқталды. Алайда қобалжу мұнымен бітпеді. Енді талапкерлердің алдында тағы бір жауапты кезең — мамандық пен оқу орнын таңдау сыны тұр. Жас түлектер мейлінше мемлекеттен берілетін тегін грант алуға ұмтылады. Осы орайда жоғары оқу орнына емес, орта арнаулы кәсіптік білім алу мүмкіндігі бар. Техникалық және кәсіптік оқыту бойынша колледждерде құжат қабылдау басталып та кетті. Бұл туралы облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Айгүл Рүстемова айтып берді.

Түркістан облысында барлығы 94 колледж жұмыс істейді. Соның 43-і мемлекеттік болса, 51-і жекеменшік колледж. Бұл оқу орындарында 197 біліктілік мамандық: медицина, білім беру, гуманитарлық мамандықтар, техникалық, технология ауыл шаруашылығы және құрылыс мамандықтары бойынша мамандар дайындалады. Сондай-ақ қызмет көрсету мен сервис мамандықтары да бар.

Айгүл Рүстемова, облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің бас маманы:
– Колледждерде қабылдау комиссиясы 20 маусымнан бастап құжат қабылдауды бастады. Бұл 20 тамызға дейін жалғасады. Қаулыға сәйкес 20 тамыздан кейін қабылдау емтихандары басталады. ҰБТ немес КТА-дан өткен азаматтар қабылдау емтиханына қатыспай-ақ, сертификаттағы жинаған баллымен конкурсқа қатыса алады. Жұмысшы мамандықтар бойын-ша оқуға түсетін абитуренттер емтиханға қатыспай, әңгімелесуден өтеді. Биыл тегін оқуға облыстық бюджеттен бөлек, республикалық бюджеттен 4584 орын бөлінеді деп күтіліп отыр. Ал облыстық бюджеттен бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі әрі нақтыланбады. Нақты саны әкімнің қаулысы шыққаннан кейін белгілі болады.

Жалпы кәсіптік оқыту бойынша білім алғысы келетіндерге ешқандай шектеу қойылмайды. ҰБТ не КТА баллымен немесе қабылдау емтихандардағы нәтижесімен жалпы байқауға түсіп, грант иеленуі мүмкін.

– Жастар кәсіптік оқыту бойынша білім алғысы келсе, білім беру ұйымына келіп құжаттарын өткізіп, емтихан тапсырып содан кейін жалпы байқау нәтижесі бойынша білім беру ұйымына қабылданады. Осы тұста ескере кететін бір жағдай — байқау бойынша грантқа ілінбеген азаматтар ақылы негізде білім алуға құқылы,-дейді Айгүл Рүстемова.

Жанерке ХУМАР