Кореяға оқуға барған қазақстандықтар депортацияға ұшырады

341

ҚР Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяға оқуға барып, депортацияға ұшыраған студенттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұған дейін Еуразия телеарнасы жеке компания арқылы Оңтүстік Кореяға оқу курсына кеткен қазақстандық студенттердің заңсыз келімсектер ретінде кері қайтарылғанын хабарлаған болатын.

«Біз бұл оқиғадан хабардармыз. Бір топ студент Кореядағы Қазақстан Елшілігіне көмекке жүгінді», — деп жауап берді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Белгілі болғандай, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы 2014 жылғы 29 қарашадан бастап күшіне енген визалық талаптарды өзара жою келісіміне сәйкес, ұлттық паспорты бар, жұмыс істеуді, оқуды немесе тұруды жоспарламаған екі елдің азаматтары 30 күнге дейін барып-келе алады. «Бұл жағдайда қазақстандық студенттер Оңтүстік Кореяның көші-қон заңдарын бұзды және елден қуылды. Студенттер немесе сапарды ұйымдастырған компания Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Елшілігімен байланысып, бар жағдайды түсіндіруі тиіс. Әрі қарай мәселенің шешілуі корей тарапының құзырында болмақ», — дейді ҚР СІМ баспасөз хатшысы.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына барғалы жатқан мемлекеттің заңымен мұқят танысуға кеңес береді.