Мақта құртқа жем болмаса, толағай табыс күтіп тұр

626

Биыл Жетісай ауданында мақта дақылының шығымы жаман емес. Зиянкестермен күрес, суғару секілді күтіп, баптау жұмыстары да нәтижелі жүзеге асып жатыр. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте. Енді 10-15 күн мақтаны құртқа жегізбей ұстап тұра алсақ, өнім де, табыс та жаман болмайды. Бүгін бұл туралы аппарат отырысында Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиын барысында алдымен тазалық мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда жаппай сенбіліктердің арқасында Жетісай қаласындағы орталық саябақ пен базар маңындағы санитарлық ахуал едәуір жақсара түскен. Сондай-ақ, қала көшелері бойындағы тал-дарақтарды бұтау, коллекторлық арық-атыздарды таза ұстау, күл-қоқыстарды дер кезінде алып кету секілді түйткілдер бір жүйеге түсе бастаған. Осы мәселелерге айрықша тоқталған аудан басшысы орталық базардың оң жақ бетіндегі заңсыз автотұрақтарды жоюды тапсырды.

Отырыста ағын су мәселесі де талқыға түсті. Мамандардың айтуынша, бүгінде «Достық» каналына Өзбекстан жағынан секундына 53,5 текше метр, ал «МАШ» канал арқылы секундына 27 текше метр ағын су жіберілуде. Соның арқасында әзірге ауданда ағын тапшылығы қатты сезіліп жатқан жоқ.

«Ағын су тапшылығын болдырмау мақсатында қолдан келер барлық жағдайды жасап отырмыз. Бұл ретте бізге «МАШ» каналдың көмегі ерекше болып тұр. Сондықтан ондағы ұлтан тазарту жұмыстарын нәтижелі аяқтауымыз қажет. Сондай-ақ, алдағы уақытта бірінші және екінші станция аралығындағы 10 шақырым аумақтағы ұлтан тазарту, арнасын кеңейту жұмыстары басталғалы отыр. Ол үшін арнайы жоба әзірленіп, жеңімпаз анықталып, жұмыстар дер кезінде басталуы тиіс», — деді Жамантай Қанайұлы.

Жиында ауыл шаруашылығы жерлерін электрондық картаға енгізу мен «Қауын фест» фестиваліне дайындық жұмыстарының барысы да қаралды. Ауыл, кент әкімдеріне цифрландыру мақсатындағы жұмыстарды күшейту жүктелді. Бұл ретте оларға әрбір шаруамен тығыз қарым-қатынаста жұмыла жұмыс істеу тапсырылды.