«Ордабасыда» мақсат бар ма?

477

Жуырда футболдан Қазақстан премьер-лигасының ХХ тур ойындары өтті. Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдады. Сүреңсіздеу «Ордабасы» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Шымкенттік футболшылар өз алаңында Талдықорғанның командасын 2013 жылдан бері жеңе алмай келеді. Бірінші айналымда да біздің жігіттер «Жетісудан» оңбай жеңілген болатын. Бірінші лигадан енді оралған командадан бір жылда екі рет жеңілу — масқара. Ал, жанкүйерлер «Ордабасыдан» биыл айрықша үміт күткен еді…

Дерменджиевтің бағы жанбады
Биыл «Ордабасы» командасына бас бапкер болып болгариялық маман Георги Дерменджиев тағайындалды. Бұл бапкер «Лудогорец» командасымен Болгарияның бірнеше дүркін чемпионы атанып, командасын УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарған. Еуропаның атақты командаларымен тайталасып, жігерлі шәкірттерімен бірге футбол хаттамаларына атын қалдыра білді.


Міне, осы білікті маман «Ордабасының» тізгінін алған кезде оңтүстіктегі жанкүйерлер тегіс қуанды. Былтыр қола жүлде әперген Петрушин де нашар бапкер емес еді. Бірақ, Еуропа көрген болгариялық маманның орны бөлек-тын. Танымал бапкер шақырылған соң оның талғамына сай мықты ойыншылар да қабылданар деп күткенбіз. Алайда команда күшеюдің орнына әлсірей түсті. «Ордабасыны» өрге сүйреп жүрген облыс футбол мектебінің түлектері Азат Нұрғалиев пен Таңат Нөсербаев «Тобылға» кетті. Бұл екі жігіт ел біріншілігіне әбден төселген көшбасшылар еді. Талай рет «Ордабасыны» сын сағаттардан алып шыққан. Неге екені белгісіз, клуб басшылығы олардың қызметінен бас тартты. Танымал клубтардың бәрінде капитандық міндетті атқаратын жігерлі ойыншылар болады. Таңат пен Азат сол сенім үдесінен шыққан азаматтар болса да, командадан шеттетілді. Есесіне, биылғы маусымда команда құрамына Тимур Досмағамбетов, Әлішер Сүлей, Сергей Хижниченко, Дамир Даутов, Жасур Нарзикулов сынды орташа ойыншылар қосылды. Ардагер ойыншы атанған қақпашы Давид Лорияға да командадан орын табылды. Шетелден Хрвое Спахия (Хорватия), Джамбул Джигаури (Грузия), Иван Нагаев (Өзбекстан) және Факундо Бертольо (Аргентина) шақырылды. Бұл легионерлерге жұрт сеніммен қараған еді. Сенім ақталмады. Қазір бұлардың бәрі басқа клубтарға ауысып кетті. Бұл деректерден «Ордабасының» жаңа ойыншылар әкелу саясаты дұрыс жүргізілмегені анық аңғарылады. Ілініп-салынып жүрген кейбір ойыншыларды бас бапкер таңдап алды дегенге сену қиын. «Бөрі арықтығын білдірмес» демекші, бастапқыда Дерменджиев шәкірттерін жеңіске жетелей білді. Алғашқы 4 тур бойы қатарынан жеңіске жетіп, «Ордабасының» жаңа рекордын орнатты. «Астанамен» бірге көш бастады. Тіпті, жанкүйерлер мен футбол сарапшылары биыл «Астана» мен «Қайратпен» чемпиондыққа «Ордабасы» да таласатынын айтып қалып жатты. «Ордабасының» ойламаған жерден епкін алып кетуі Қазақстан футбол федерациясы басшылығындағы дөкейлерге де оңай тимеген сыңайлы. Жерлестеріміз сырт алаңда «Ақжайықпен» кездес-кенде «Ордабасының» қақпасына 2 пенальти белгіленіп, небәрі 26-минутта бір ойыншысы алаңнан қуылды. Төреші тарапынан тым қатаң жазалау жүргізілгендей көрінді. Осы жеңіліс «Ордабасы» оғландарының сағын сындырып кетті деуге негіз бар. Келесі турда «Астанадан» жеңіліс тапса, «Қайсармен» әупірімдеп жүріп тең түсті. «Ертісті» жеңгенімен, одан кейінгі 3 тур бойы қатарынан жеңілді. «Биыл Еуропа лигасы мен чемпионатта биік белестерді бағындырамыз» деп жиі айтатын Дерменджиев клубтағы жағдай тұрақты емес екенін де білдіріп қойып жүрді. Шыдамы таусылған бапкер кезекті жеңілістен кейін «Ордабасы» футболшылары мен бапкерлері 2 айдан бері жалақы алмағанын жайып салды. Өзі де шаршағанын аңғартты. Нәтижесінде командадан кетіп тынды. Бас бапкердің клубтан кетуіне «Ордабасының» Еуропа лигасынан шеттетілуі де себеп болғаны анық. Жоғарыда айтып өткен екі жағдайдан бөлек болгариялық маманның Қазақстанға жетістікке жете алмауына бір себеп бар секілді. Біріншіден, Дерменджиев — интеллектуалды деңгейі жоғары әрі жұмсақ мінезді азамат. Ол ойыншылар сөзін бірден түсінеді деп ойлайтын болу керек. Ал Қазақстанда бапкер болу үшін біліктілікпен қатар қатал мінез де қажет. Қысқасы, Дерменджиев пен «Ордабасы» бір-біріне үйлеспеді.

Жанкүйерлер неге өкпелі?
Оңтүстік өңірінің жанкүйерлері командаға өте адал. Қажет кезде сабыр сақтайды, қажет кезде қызуқанды. Тіпті, команда жеңіске жетсе, футболшылардың қателігін де кешіре біледі. Бірақ, күнгейдің футболсүйер қауымы жігерсіздік пен намыссыздықты кешіре алмайды. Күреспей беріле салған спортшыларын қатты сынайды. Кезінде Шымкенттің командасы турнир кестесінің соңғы сатылары мен орта тұсында жүрген кезде де команданы қолдауды тоқтатпаған. Биыл неге өкпелі?
Біріншіден, командадағы түсініксіз оқиғалар мен сәтсіз трансферлерден әбден шаршады. Былтыр «Ордабасы» шетелден легионерлерді шектен тыс көп шақырып, ҚФФ-ға қосымша қаржы төлеуге мәжбүр болды. Қыруар қаржыға келісімшарт жасасып, аттай қалап алдырған көптеген футболшы сенімді ақтамады. Мысалы, командаға 2017 жылы Беларуссиядан шақырылған қақпашы Фомичев шымкенттіктер сапында бірде-бір матч өткізген жоқ. Марцваладзе, Рендулич, Гогуа, Йорданов, Петрак, Гейнрих сынды легионерлер де жасындай жарқырай алмады. Вуяклия мен Каньяс та ел есінде қалды дей алмайсыз. Биыл шақырылған легионерлердің үшеуі қайтадан кетіп қалғанын жоғарыда айтып өттік. Әзірше, шетелдік ойыншылардан Фонтанелло, Ковальчук, Бочаров пен Диакате ғана сенімді ақтап жүр. Олардың ішінде сенегалдық Диакатеге ел дән риза. Қайсар мінезді азамат 7 доппен командадағы мергендер көшін бастап тұр. Егер өзге футболшылар да осы жігіт сияқты тер төксе, «Ордабасы» бұдан да жоғары орында тұратын еді.
Екіншіден, «Ордабасы» қазір төртінші орында тұрса да ойыны сүреңсіз. Олқы-солқы. Бірде – көл, бірде – шөл. Бұл фанаттарға ұнамайды. Әсіресе, өз алаңындағы кездесулерде команданың шабуылға шығып, жиі гол салғанын талап етеді. Командада мінез жоқ. Бір гол жіберіп алса, тез еңсесі түседі. Оның үстіне «Ордабасы» қақпасына гол жіберуден бірінші орында тұр. Қорғанысы нашар команда биыл 34 гол жіберіп үлгерді. Ерланов пен Фонтанелло жарақат алып қалған кезде қорғаныста жартылай қорғаушыларды ойнатты. Яғни, команда дұрыс жасақталмаған. Селекция нашар.
Үшіншіден, кез келген жанкүйер сүйікті командасының Еуропа алаңдарында халықаралық матчтарға барғанын қалайды. «Ордабасы» былтыр өз тарихында тұңғыш рет қола жүлде алғаннан кейін Еуропа лигасында да жақсы ойнайтын шығар деген сенім болған. Бірақ, ол сенімнің күл-талқаны шықты. «Ордабасының» заңгерлері мен басшылығы құжаттарды реттеуге бір күн кешігіп қалыпты-мыс. Сөйтіп УЕФА шымкенттіктерді Еуропа лигасынан шеттетті. Егер қарапайым құжаттарды дәл уақытында реттей алмаса, клуб қызметкерлері не бітіріп жүр? ҚФФ басшылығы да «Ордабасының» қатыспағанына бас ауыртқан жоқ. Ойлап қараңызшы, бір күн кешіккенде тұрған не бар?


Төртіншіден, жалақы жыры. «Ордабасы» футболшылары былтыр жалақыны уақытылы алмағандықтан жаттығуға шықпай қойған. Әйтеуір бәрімен келіссөз жүргізіліп, жалақылары кешігіп болса да берілді. Биыл ондай мәселе жыл басында-ақ қылаң берді. Адал еңбекақысын ала алмаған жігіттер жасыл алаңда көңілсіз ойнап, қарсыласқа жиі есе жіберді. Әсіресе, кубок жолындағы бәсекеде «Қайраттың» жастардан жасақталған құрамынан пенальти арқылы жеңілуін жанкүйер қауым оңайлықпен кешіре қоймас. Дерменджиевтің де ең сәтсіз матчы осы деп есептеуге негіз бар. Қысқасы, қаржы мәселесіндегі тұрақсыздық командаға кері әсерін тигізіп жатыр.
Бесіншіден, «Ордабасы» жекеменшікке өткенімен, әзірше облыстық бюджеттің қаржысын да алып жүр. Демек, тұрғындардың салығы мен ортақ қазынасының сұрауы болуы тиіс. Өкінішке қарай, «Ордабасыны» қадағалап жүрген ешбір басшыны көрген емеспіз

Алтыншыдан, бұрын «Ордабасы» жас ойыншыларды жиі шығаратын. Қазір жергілікті футбол мектебінен түлеп ұшқан қазақтың жас жігіттеріне дұрыс көңіл бөлінбей жатыр. Соңғы 2-3 жыл көлемінде Тұңғышбаевтан басқа жарқырап шыққан ешкім жоқ. Биыл Шәмші мен Жақсыбаев қана анда-санда шығып қояды. Ал, күнгейдің жанкүйерлері жергілікті жастардың өнерін көргісі келеді. Тіпті, талап етеді. Аты-жөні белгісіз кейбір легио-нерлерден гөрі өзіміздің жастарды шығаратын кез келді емес пе?

Кахабер қаһарлы команда жасақтаса…
Дерменджиев кеткен соң «Ордабасы» құлдырап, бірінші лигадан шығуы мүмкін деп уайымдағандар да болды. Дегенмен, кезінде «Қайрат» командасын күміс жүлдеге жетелеген грузиялық бапкер Кахабер Цхададзе Шымкентке келді. Бас бапкер болып бекітілді. Үміт ойнағандай болды. Бірақ, кеш емес пе?


«Астанаңыз» 53 ұпаймен ұзап кетті. Қайратыңыз соның ізін қуалап барады. Үшінші орында тұрған «Тобылдың» өзі «Ордабасыдан» 6 ұпай озып тұр. Ал «Жетісу», «Ақтөбе», «Қайсар», «Ақжайық» командалары ізін өкшелеп келеді. Араларын небәрі 3-4 ұпай бөліп тұр. Қуанарлығы, жаңа бапкер келгеннен кейін «Ордабасы» шабуылға негізделген футбол көрсете бастады. Сырт алаңда «Ертісті» жеңсе, өз алаңында «Ақжайықтан» есе қайтарды. Чемпиондыққа таласып жүрген «Қайратты» жеңіп, жанкүйерді айрықша қуантты. Алайда, ойын әлі де тұрақсыз. «Қайсардан», «Жетісудан» өз алаңында жеңілу — ұят. Яғни, Цхададзе әлі көп жұмыс атқаруы тиіс. Қорғанысты бекемдеп, шабуыл мен жартылай қорғаныс арасын нығайтқаны абзал.
Жуырда «Ордабасы» командасына жаңадан 5-6 ойыншы келді. Шетелден Мирзад Механович (Босния және Герцеговина), Лука Муженияк (Хорватия), Неманья Коич (Сербия), Элтон Дос Реис (Франция) және Жасұлан Молдақараев пен Мадижан Айтбаев командаға келіп қосылды. Енді жаңа легионерлер мен өзіміздің жігіттер еңсе тіктеп, үздік үштікке ене ала ма? Оны уақыт көрсетеді. Бір анығы, «Ордабасыға» сапалы трансферлік саясат пен тұрақтылық қажет. Жыл сайын Шымкентке қаптап келіп, қалтасын қомпайтып кететін легионерлерден гөрі өзіміздің жастарға да көңіл бөліп, жоғарыда сөз болған кемшіліктерді жоятын кез жетті. Жанкүйерлерді де ойлау керек қой.
Есіңді жи, «Ордабасы»!

Ұласбек ЕСІРКЕП

«Оңтүстік Рабат» газеті

№31, 1 ТАМЫЗ 2018 ж.