Славян жігіт қазақ қызына үйлену үшін қайын жұртына қалың мал беріп, дүркіретіп беташар жасады. Беташар Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы орыс отбасында болған.
14-ші тамыз күні Бочаровтар отбасының кенжесі Андрей сүйіктісі Ханшайымды алып қашып келген. Келесі күні ауылға дүркіретіп беташар жасап, көпшіліктің көзінше келіннің бетін ашыпты.
Өзге ұлт өкілінің жігіті неліктен қазақы дәстүрмен беташар жасағандығын жасырмай айтып берді. Өйткені сүйікті қызының отбасы үйлену тойындағы жоралғыларды қазақы дәстүрге сай жасап беруді сұраныпты. Андрей қайын жұртының сөзін екі етпей, қалың мал беріп, беташар жасаған.
Андрей Бочаров: «Отбасымызда үш қыз, үш баламыз. Өзім Шәуілдір ауылында тұрамын. Ханшайым медицина мамандығы бойынша білім алған. Менің жасым 25-те. Келіншегімнің жасы 19-да. 14-ші тамыз күні алып қашу дәстүрі бойынша Ханшайымды үйге ақ орамалмен кіргіздік. Ертесіне ауыл тұрғындары мен туысқандар үшін беташар жасадық».
Өзге ұлтқа келін болып түскен қазақтың қызы Ханшайым Шымкентте туып өскен. Қазір ол Бочаровтар отбасының кенже келіні атанды. Андрейдің өзі жанұясындағы кішісі. Сондықтан жас жұбайлар Шәуілдір ауылындағы қара шаңырақта тұрамыз дейді.
Айта кетейік, мұнан алдында бұл орыс отбасы қазақы салт дәстүрмен келін алып, беташар өткізген. Жанұя мүшелері қазақ тілінде сөйлеседі.
Лаура Нақыпқызы