Бала анасының сүтіне тоймаса немесе әйел омырауынан қандай да бір себептермен сүт шықпаса, қазақ халқы сәби денсаулығы жақсы болып өсуі үшін сүт ана іздестірген. Тіпті кейбір отбасылар алдын ала сүт ана болатын адаммен келісіп те қояды. Дүние есігін енді ғана ашқан нәресте уызға жарып, тойып тамақтануы үшін сүт ананың атқарар қызметі орасан. Ертеде бұл дәстүр халық арасында кеңінен таралған. Адамдардың бір-біріне деген мейірімінен болар: баласын тойдыра алмай жатқан анаға екінші бір әйел-ана өзі көмекке келген екен. Ақ сүтін еміп өскен бала сүт атасын өз анасындай көріп, тіпті анасынан артық құрмет тұтатыны да бар. Ал сүт анасы да балаға бауыр басып, сүт баласына ақ сүтімен бірге аналық мейірімін де қоса төгеді. Сондай кейіпкеріміздің бірі – Әлия Асанова.
«Анасы оқуын аяқтап, ақша тапқысы келді»
«Абысыным екеуміз бір мерзімде аяғымыз ауыр болды. Ол босанған кезде мен де босандым. Алланың қалауымен егіз ұлды дүниеге әкелдім. Ал абысыным ең әдемі қызды босанды. Жолдасым шаңырақта қалғандықтан апам (енесі) бізбен бірге тұратын. Белгілі бір себептерге байланыс-ты абысыным жұмыс істеп, ақша табуы керек болды. Мұнымен қоса студент еді. Апамның айтуы бойынша оның қызын екі ұлыммен бірге мен өсіретін болдым. Өзі көмектесетінін айтты. Қайным жас болғандықтан «келіншегі екеуі алаңсыз оқуларын бітіріп, ақша тауып, баспаналы болсын» деп ойладық. Кішкентай балапанды алақаныма әкеліп салғанда ерекше бір күйге түстім. Менің тарапымнан «Өзім екі бала туып отырмын. Енді үшіншісін қалай бағамын» деген бір қарсы пікір болмады. «Үшеуіне қалай сүтімді жеткіземін» деген сауал да тумады. Келісе беріппін ғой, әйтеуір. Шындығында ұл балалар деген қыз балаға қарағанда сүтті көп емеді. Менде біреу емес, егіз ұл бала. Бірақ, Құдай өзі қолдады ма, мүмкін ниетімнің түзулігінен шығар, үшеуіне де ақ сүтім жетті»
Әңгімесін осылай бастаған Әлия үш баланы бірдей емізіп, олардың жөргегін ауыстырып, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген сәттерін тәтті естеліктеріне балайды. Сүт баласы Райханға ешқандай қырын қарамайды. Содан болар үшеуі үшем туған қозыдай бірге өскен. Қазір жұртшылық оларды «бір үйдің баласы» деп біледі.
«Үшеуі тай құлындай тебісіп бірге өсті. Екі ұлым қызымды туған қарындасындай қабылдады. Қазір Райхан десе жандарын береді. Оның айтқанын екі етпей орындайды. Жастары 20-ға келсе де үшеуінің арасынан қыл өткен жоқ. Бұл да болсын апасы екеуіміздің тәрбиеміз болар»
Үш баласына ел қызығып қарайтын Әлия қызы өскеннен кейін өзінің ата-анасы алатын кезде қатты қиналыпты. Тіпті ішінде еріксіз қызғаныш сезімі де болғанын айтып берді.
«Біз әуел бастан Райханыма оның ата-анасы кім екенін айтып өсірдік. Ол бәрін біліп өсті. Мен оны оларға бергім келмей, қимай жүргенде уақыт та зымырап өте шығыпты. Дегенмен бала – солардікі. Беру керек. Және бала деген өз ата-анасының қасында өскені жақсы ғой. Бірақ бізге жиі келеді. Әуелде қызым сол жақты жатырқағаны рас. Бізді іздеді. Біз де оның кеткеніне жаман болдық. Жанымның бір бөлшегін алып кеткендей күйде болдым. «Дұрыс тамақтанып жүр ме екен, қалай жүр, олар қызыма қандай қарым-қатынас жасап жатыр» деген ойлар мазалады. Не дегенмен өзінің туған ата-анасы жаман қарамайтыны анық. Десе де сондай бір ойлар маза бермейді ғой»
Ағынан жарылған Әлия қызының өз анасынан гөрі өзіне жақын екенін де жасырмады. Сәйкесінше Райханның анасы да қызына асқан мейірімін бере алмаған.
«Райханым анасы ретінде менімен сырласады. Алдағы жоспарларымен бөліседі. Қуанса да мұңайса да мені бірінші кезекте іздейді. Енді ақ сүтімді беріп мәпелеп өсірдім ғой. «Тапқан ана емес, баққан ана» деген сөздің құдіреті осындайда білінеді екен. Абысыным да қызына онша жақын емес. Әйтпесе содан кейін де екі рет босанды. Өзі бағып-қаққаннан болар оларға ерекше қарайды. Қызым да оны өзінен гөрі екі баласын жақсы көретінін айтады. Мән бермейді да. Қызым мені аңсап тұрса, не істей алады енді. Абысыным Райханның сәл қисық мінезін көрсе, «сенің берген тәрбиең, сенен көрген» деп маған айтады (күліп). Енді ол түсінікті де ғой. Аллаға шүкір, қызымның мені жерге қарататын жаман қасиеті жоқ. Анасы да қызғанатын шығар, мүмкін. Бас-тысы – қызым бақытты болсын»
Иә, жатса да тұрса да қызының бақытын тілейтін ана сөз соңында қандай бір жағдайда сүті шықпай немесе мәжбүрлі түрде баласын емізе алмайтын анаға көмек көрсетуден қашпау керегін айтты. Сондай-ақ сүт ана атану сезімі ана атану сезімінен ешқандай айырмасы жоғын да ескертіп өтті.
«Сүт анамды өз анамнан еш айырып қарамаймын»
Келесі кейіпкеріміз Ақжарқын дүниеге келгенінде анасынан мүлдем сүт шықпапты. Сол себепті отбасы оған сүт ана іздеуге мәжбүр болған.
«Мені туғанда анам 22 жасында екен. Маған жүктілігі ауыр өткендіктен босанғаннан кейін де сүт шықпайды. Әуелі өте аз шықса да кейін келе мүлдем сүт шықпай қалады. Сондықтан әжемнің кеңесімен маған сүт ана іздейді. Сол кезде анаммен бір уақытта әжемнің інісімен көрші тұратын үйдің әйелі төртінші баласына босаныпты. Баласы тек бір жақ омырауындағы сүтіне тойып қалады екен. Екіншісін сауып тастап жүрген. Сол кісіге өтініш жасапты. Ол кісі жолдасының рұқсатымен келісімін беріген. Содан кейін әжем мені әр екі сағат сайын апарып, емізіп тұрыпты. 8 ай сол кісіні еміп өскен екенмін»
Ақжарқын ақырындап қолдың тамағын жеп бастағанша әжесі сүт анасына апарып тұрады. Кейін тамақ жей бастаған соң, қосымша ешкінің сүтін беріп, өзі асырап-бағыпты. Айтуынша, сол кезде анасы емханадан емханаға жүгіріп, денсаулығымен әбігерге түсіп жүрген. Осылайша, ол әжесі мен сүт анасының қамқорлығында есейеді.
«Әжем мені сүт анама апармай кеткеннен кейін сүт анам өзі іздеп келеді екен. Күніне бір мәрте келіп, мені емізіп кетіп жүріпті. Маған бауыр басып қалғаннан шығар «бір рет көрмесем тұра алмаймын» дейді екен. Әжем де ол кісіге жоқ деп айтпаған. Мен бір жасқа толған кезде анамның да денсаулығы жақсарып өзі қарайды ғой. Анамның айтуынша, сол кезде сүт анам қызғанады екен. Күнде «қызымды көріп кетуге келдім» деп мені құшақтап. мейірлене сүйіп қайтатын көрінеді»
Алдын мүлдем араласпайтын екі отбасы бұдан кейін бір-бірімен өте жақын қатынасқан. Қазіргі таңда туыс адамдай араласады. Екі үйдің балалары бір үйдің баласындай тату-тәтті. Ал Ақжарқын сүт анасының балаларын туғанындай көреді.
«Сүт анамның балаларының барлығы – ұл. Мені қызы ретінде қабылдайды. Ал, ағаларым менен ештеңесін аямайды. Сүт анамды өз анамнан еш айырып қарамаймын. «Сүт ана» деп айтам. Әжемнің кішкентайымнан «Әлөктің сүт анасы, сүт анаң келді» деген сөздері құлағымда жатталып өскендіктен солай атап кеттім. Менен кейін екі інім бар. Анам оларға өзі қарады. Олар да «Әпкенің сүт анасы» деп атайды. Екі үйдің балалары — бір үйдің баласындаймыз. Мұндай ерекше адам маған сүт ана болуға келіскеніне ризашылығым шексіз»
Ақжарқын сүт анасымен өз анасындай сырласады. Айтуынша, тұрмыс құратын кезде екі анасы шығынын бөліп төлеуге келісіп отыратындарын жиі құлағы шалып қалады екен.
«Дастархан басында келісіп, сөйлесіп отырады. Анам сүт анамды ренжітіп алмас үшін оның айтқандарына «жоқ» демейді. «Сенің қызың ғой, өзің білесің» деген сөзді көп айтады. Анам «мен ауырып қиналып жүргенде саған қамқор болған адам. Оның үстіне ақ сүтін ақтауың керек. Болашақта қандай жағдай болмасын, олардан көмегіңді аяма» деген сөзі жиі қайталайды. Олай айтпаса да мен оларды бәрбір ерекше жақсы көрем. Тіпті ара-тұра үлкен болсам да сүт анамның көкірегін иіскеп қоятыным бар»
Жүрек түкпіріндегі ұядай жылы сырын айтқан Ақжарқын сөзінің соңын «анасы сияқты сүті шықпай қалған адамның баласына сүт ана болуға дайынмын» деп аяқтады.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Мұрат Бастарбекұлы, қалалық қуғын-сүргін құрбандары мешітінің наиб имамы:
– Құранда «кез келген ана баласын 30 айға дейін яғни баласы 2,5 жасқа келгенше емізсін» деген бұйрық бар. Ананың сүті балаға өте қажет. Бала осы уақытта ана сүті арқылы өзіне керек барлық витаминдерді алады екен. Тіпті бала ауырып қалған жағдайда Құдайдың құдіретімен ана сүтінің құрамы емдік шипасына қарай өзгереді екен. Міне, құдіретке қараңыз. Қазір көптеген әйел сыртқы дене бітімін ойлап, балаларын ерте сүттен шығарып жатады. Бұл — өте қате. Баланың ағзасы да 30 айға дейін ана сүтін еміп өсуге мұқтаж болады. Сондықтан аналарымыз осы жағдайды ескеруі керек. Енді қандай бір жағдайда денсаулығына байланысты анасынан сүт шықпай не емізуді ерте доғаруға мәжбүр болып тұрған жағдайда сүттен шығаруға болады. Ал сүт ана деген қазақта ертеден болған. Бірақ бір нәрсені ескеру керек. Бір ана басқаның баласын емізетін болса, міндетті түрде күйеуінің рұқсатын алу керек. Егер, жолдасы рұқсат етпесе, онда басқаның баласын емізуге болмайды. Ал рұқсат етсе, онда емізуге болады. Құранда осылай жазылған. Сондықтан аналар мұны да білуі керек
Мәдина Ербозова, Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасының қабылдау бөлім меңгерушісі, дәрігер педиатр:
– Ананың сүті – нәресте үшін өте маңызды. Ана сүтінде балаға нағыз қажет барлық витамин, элементтер болады. Ана сүтін ешқандай қосымша тағам алмастыра алмайды. Сүттегі бала денсаулығына ең керегін бере алмайды. Ана сүтін еміп өскен бала сирек ауырады. Ал ана сүтінсіз өскен бала сүтпен берілетін пайдалы заттардың жетіспеушілігінен аурушаң болып өседі. Түрлі аурулар осы анасы дұрыс емізбеген балаларға үйір екенін ескертіп өтейін. Мысалы қаназдық, тыныс алу жолдарының аурулары да осыдан пайда болады. Ең алдымен осы қаназдық ауруы жиі тіркеледі. Бұрын қазақтар баланы 3 жасына дейін емізген. Қазіргі стандарт бойынша 2 жасқа толғанша және одан асқанша да емізу керек. Сондықтан ана баласын кем дегенде екі жыл тұрақты түрде емізсе екен. Осы уақытта бала денсаулығына қажет барлық витаминдерді алып үлгереді. Ал қандай да бір жағдайда анасынан сүт шықпай қиналса, басқа ананың сүтін беруге болады. Бірақ онда да сол ананың денсаулығынан хабардар болу қажет. Өзі жақсы танып білетін, денсаулығында ақауы жоқ адамды сүт ана қылады. Әр әйел – әртүрлі. Мысалы, біреуінің денсаулығына сәйкес – сүтінде түрлі инфекциялар болуы мүмкін. Өйткені балаға көп нәрсе сүтпен беріледі. Қазір түрлі аурулар сол ана сүтінің құрамынан да табылып жатыр. Сондықтан ата-аналар сүт ана таңдағанда мұқият болғаны жөн. Дәрігер ретінде осындай себептерге байланысты сүт анасының болуына қарсымын. Өйткені адамдар «бала ана сүтін ішуі керек» деп кез келген келіскен адамның сүтін емізуіне болмайды. Сенімді адам табылмаса, сүтке жақын қосымшалар бар. Сондай тағамдық қосымшаларды беріп, балаға күтім жасау қажет. Ескерер жайт, қоспаның да тек бір түрін ғана берген дұрыс. Әртүрлісін алмас-тырып берсе де баланы ауыртып алуы әбден мүмкін. Дәрігермен кеңесіп, мөлшерін анықтап, 30 мл-ден бастап береді. Жалпы баланы тамақтандыруда педиатр-дәрігермен міндетті түрде ақылдасқан абзал. Қазір жас аналардың көбісінің иммунитеті әлсіз. Сүт шықпай, балалары шырқырап жатады. Балаға қажет барлық витамин ана сүтінде болғандықтан, аналарымыз өз денсаулығына өте мұқият болып, жүкті кезінде демалып, уақ-уақ тамақтанып, жақсылап ұйықтап, күтінуі керек. Міндетті түрде дәрігердің қадағалауында болып, айтқандарын орындап жүрсе өзінің де баласының да денсаулығына немқұрайлы қарамағаны болар еді. Осы жағдайларды есте ұстаса, өзінің сүті де жақсы шығып, баласы да сүтке тояды.
Мақаланы жазу барысында кейіпкерлермен әңгімелесіп, олардың көзінен де ісінен де сөзінен де түсінгеніміз сүт ана мен сүт бала бір-бірінен ешқашан жырақ кете алмайды екен. Олардың жан дүниесі әрдайым бірін-бірі іздеп тұратынына көзіміз жетті.
Қадірлі оқырман! Басқаның баласына сүт ана болу немесе балаңыздың сүт анасы болуы сізге қалай әсер етеді? Бізбен бөлісіңіз. Және де қазақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты оқиғаларыңызды баяндауға шақырамыз. Біз мақаланы сіз қойған құпиялық талаптарды ескере отырып, жазамыз. Сіздің ойыңыз, сіздің пікіріңіз біз үшін әрқашан да маңызды. Газетіміздің тұрақты оқырманы ретінде әрбір мақаламызға белсенді пікір білдіріп, ой қосыңыз.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті
№30, 25 ШІЛДЕ 2018 ж.