Сарыағаш шипажайы мен оған жолдамалар құны туралы Түркістан облысының «Ontustik tourism center» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Олжас Шынтаев айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат.
Сарыағаш — Қазақстанның аса танымал шипайжаларының бірі екені белгілі. Мұнда жыл сайын республиканың түкпір-түкпірі мен таяу шетелден жүздеген халық келіп, ем алып, демалып қайтады. Санаторийде емделу құны екі орындық бөлме үшін тәулігіне 7000 теңгеден басталады.
Бұл шипажайға жиі келетін адамдар жаңадан келушілерге 21 күннен кем жатпауға кеңес береді. Яғни ең қарапайым қызмет түрлерін қосқанда үшапталық жолдама — екі адам үшін 147 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға ас-ауқат пен қонақтайтын орыннан бөлек, негізгі қызмет түрлері де кіреді.
Минералды су ішу, тексеріс, әртүрлі бальнеологиялық (он екі елі ішекке сүңгі салу, сулау, шағын клизмалар, асқазанды тазарту, емдік душтар, минералды ванналар, джакузи) және физиотерапиялық (диадинамикалық тоқ, ультражоғары жиіліктегі терапия, парафин-озокриттік ем, ингаляциялар, электрофорез, электроұйқы, магниттік терапия, сәулемен емдеу, массаждар, ультрадыбыс) процедуралары міндетті түрде өткізіледі. «Ақылы қызметтер де бар. Оған балшықпен емдеу, лазерлік және магниттік терапия, панталы ванналар, инемен емдеу, асқазанды тексеру, ішекті монитор арқылы тазалау, фитобар массаж, урологиялық дертке шалдыққандарды тексеріп, емдеу, сауналар жатады», — дейді О. Шынтаев.
Өзге өңірлерден келген қонақтар бірнеше көлікке ауысып мінуі керек. Шымкенттен Сарыағашқа көбіне қалалық теміржол вокзалынан немесе автовокзалдан жүретін шағын автобустармен барады. Мұндай жол жүру ақысы — кісі басына 1000-1500 теңге көлемінде.
«Сарыағашқа әуежайдан немесе теміржол вокзалынан пойызбен де, таксимен де жетіп алуға болады. Әр санаторийдің сайтына тіркелгеннен кейін әкімшілікпен санаторий трансферін туристің келген жеріне жіберсін деп, алдын ала келісіп алуға болады» , — дейді маман.