Шымкенттегі республикалық меншіктегі әуежайды қаланың қарамағына өткізу қажет. Өңірге іс сапармен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан Ғабидолла Әбдірахымов осы мәселені шешуге көмектесуін сұрады. Себебі алдағы уақытта Шымкент әуежайында жаңа терминал салынуы тиіс.
Жергілікті билік өкілдері Премьер-министрге бұдан өзге де қысқа мерзімде орындалатын осындай жаңа жобаларды таныстырды. Терминал құрылысына СКАТ әуе компаниясы 50 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақшы. Әкімдік тарапынан оған қажет 3 гектар жер бөлініп, жол мен автотұрақ салынады. Ол үшін республикалық меншіктегі әуежай қаланың қарамағында болуы қажет екен.
Шымкент пен көршілес Ташкент қаласының арасында шойынжолмен небәрі жарты сағатта жету жобасы да жоспарда бар. Сондай-ақ, Шымкент теміржол вокзалын қайта құру мақсатындағы жоспармен де бөлісті. Қала әкімі, сондай-ақ, екі елдің арасындағы қарым-қатынастың бұдан әрі дамуы үшін «Шымкент-Ташкент» жүйрік теміржол экспресін іске қосуды ұсынды.
Айта кетейік, қаланың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыру және көлік тығынын азайту үшін Д. Қонаев даңғылы жалғасының құрылысын бастау көзделуде.
Шымкентте қазір «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Бұл аймақтарға 58,5 млрд теңге инвестиция құйылып, 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд. теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған.
Жобалардың бірқатары республикалық бюджеттік комисссияда қаралатын болады. Айтқандай қаржылық жағынан Шымкенттің бөлу балансын өз мерзіміне сай 2 ай ішінде реттейміз деп сендірді Үкімет басшысы.
Мақпал Рысбаева