Шымкентте асфальт опырылып қалды

448

Қаланың қақ ортасында жер опырылып қалды. Опырылған аумақта балабақша орналасқан. Салдарынан шошынған ата-ана абдырап жүр. Перзенттерінің қауіпсіздігіне алаңдаған олар кінәлі компаниядан құрылысты тоқтатуды талап етуде.

Белгілі болғаны, сол маңда көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқандар қазандық қазамыз деп жерді опырып, асфальтін қақ бөлді. Ойылған жер қауіпсіздік үшін уақытша қоршауға алынды дейді әкімдіктегілер. Алайда, түсіру тобы қауіпсіздік шаралары сақталмағанын көріп -біліп қайтты. Жауаптылар немқұрайлық танытқаннан болар, құрылыс компаниясы да жұмысын тоқтатпапты.

Баланай Момбек, қала тұрғыны: «Осында келінім мен балам тұрады. Немерелерім үшін қорқамын. Онсызда балалар алаңшасы жоқ. Енді келіп мына құрылыс қазып жатыр, қазып жатыр жерді… Ақыры асфальтті құлатып бітті. Қаланың қақ ортасында балаларға қауіпті жерде өмір сүріп жатырмыз. Құзырлы мекемелер неге бұған жол берген?!».

Еңбекші аудандық әкімдігі ресми мәлімдемеде әзірге қауіпсіздік шараларының қолға алынғандығын, уақиға орнына тәртіп сақшыларының да келгендігін атап көрсеткен. Бірақ біз көрген қоршауды қалалықтар үшін қауіпсіз деп айтуға келмейді.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Арнайы комиссия құрылды. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы мен аталған компания өкілі де келді. Қауіпсіздік үшін әзірге қоршау орнатып қойдық».

Жанар Есенбекова