Шымкентте пойыз күткен жолаушылар далада түнеді

157

«Шымкент-Астана» бағытында пойыз күткен жолаушылар адам шошырлық жағдайға түскен. Шымкент вокзалының әкімшілігі ана мен балаға да жағдай жасамаған. Есесіне, шырылдаған сәбилер мен қарт кісілер вокзалдың маңында қонуға мәжбүр болыпты.

«Қолымыздан ешнәрсе келмейді, билеттеріңізді өткізіп, ақшаларыңызды қайтып алыңыздар» — дегеннен аса алмағандар, жолаушыларды әбігерге салды.

Айтуларынша, кассаға барып билет өткізбек болса, ақшаның жоқтығын алға тартыпты. Кассирлер күні кеше 150 билеттің қайтарылғанын айтыпты. Ал жолаушылар теміржол кассаларында жоқ билетті алыпсатарлардың қолынан 3-4 есе қымбат бағасына сатып алғандарын айтады.


Түнімен вокзалда түнеген жұртқа қара су мен қара нан да қымбат бағада сатылып жатыр. Жағдайды тиімді пайдаланған сатушылар бағаны бірден өсірген. Бұл аздай дәретханаға шығу құны — 50 теңге.

Еске салайық, күні кеше Жамбыл облысында пойыз апаты орын алып, жүк пойызы рельстен шығып кеткен. Салдарынан 5 бірдей жолаушылар пойызы күні бойы бөгеліп, далада қалды. Зардап шеккендер жоқ. Дегенмен вагондардың астаң-кестеңі шығыпты.

Ал пойыздағы жолаушылар: «Қазақстан темір жолы» кешкі 18:00-ге дейін жолдар жөнделіп, пойыздар қозғалады» деген сөзінде тұрмады» деп, ашуға мінді.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА