Шымкенттің үздік судьясы анықталды

493

Шымкентте судьялардың білімі мен білігі анықталып жатыр. Дәлірегі, жас судьялар мен сот қызметкерлері арасында «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік конкурсы кезекті рет ұйымдастырылды.

Бұл жолғы бәсекеге 13 үміткер қатысып, Ата заң — ҚР Конституциясы бойынша сауатын сарапқа салды. Соңғы 5 жылда орын алған өзгерістерді де жіті талдап, жіпке тізіп, көзқарастарын айтуы тиіс болды. Кіл мықты — сауатты судья мен жүйрік мамандарды анықтауға бағытталған жарысты 6 адамнан құралған қазылар алқасы бағалады.

Ұйымдастырушы тарап — Шымкент қалалық сотының берген мәліметіне сай, айтулы жарыстың қатысушысы бүгінгі қолданыстағы заң-талаптарын ғана емес, қазақтың төл тарихын, ондағы хандар мен билердің қағида-жарғыларын жатқа білуі ескерілді.

Конкурстың қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық сотының бас маманы Жанәділ Үсенов, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы Елемес Мұхаметжан және қалалық соттың бас маманы Әділхан Исалиев үздік деп танылды.

Айта өтетін ақпарат, зияткерлік жарыстың жеңімпаздарына жоғары соттың қадағалауындағы яғни, алдағы қыркүйек айында Тараз қаласында өтетін республикалық додаға жолдама берілді.

Мөлдір Бекеева