Шымкенттегі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы едәуір өсті

628

Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Қанатқақты жоба бірқатар өңірлерде іске қосылған. Бұл мемлекеттік қызметкерлерді ынталандырып қана қоймай, қойылған талапты да күшейтеді. Бұл жаңашылдықпен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаев таныстырды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық төрағасының айтуынша жалақы төлеудің пилоттық апробациясы осы жылы іске қосылған. Жаңа жүйе екі бөліктен құралады, ол факторлы-балдық шкала негізіндегі кепілдендірілген лауазымдық жалақы және бонустар.

Әли Көмекбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Бос лауазымдарды 20 пайызға жеткізіп, одан үнемделген қаржыны қызметшілерге үстеме төлеуге бағыттау керек. Нәтижесінде, департаменттің бас мамандары мен жетекші мамандардың жалақысын 30 пайызға көтеру мүмкіндігі пайда болды».

Факторлы-балдық шкала жүйесіне ілінген қызметкер жыл қорытындысында 4 жалақыдан басталатын бонусқа үміткер бола алады. Яғни, жалақысы көбейіп, мәртебесі өседі.

Аянай Раева,  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменттің бас маманы: «Менің жалақым 95 мың теңге болатын. Қазіргі таңда 200 мың теңге жалақы аламын. Өзіміз ата-анамызбен тұратын едік. Айлығымыз  өскеннен кейін,  баспана мәселесін шештік. Жаңашылдық жұмысқа ынталандырады. Міндетім де, талап та күшейтілді».

Брифинг барысында департамент басшысы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті құрылғанын мәлімдеді. Енді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды күшейтіп, мамандарды бір тәртіпке келтірмек ниеті бар. Ереже бұзғандарының басынан да сипамайды.

«Мемлекеттік қызметкер халықтың құлы болғандықтан, әрқайсысынан түсетін арыз-шағым аяқсыз қалмайды шара көріледі» деп дөп басты. Төртінші билік өкілдерінің алдында сенім телефонын қайта жариялап, вацап нөмерін де берді.

Ендеше сіз де жазып алыңыз. 8702-201-51-51,  51-51-51 . Департаменттің әлеуметтік желілерде арнайы парақшасы барын да ұмытпаңыз. Мемлекеттік қызметкердің жұмысына көңіліңіз толмаса, сыбайлас жемқорлық фактісіне куә болсаңыз, ойланбастан хабарласуыңызға болады.

Шынар Оразова