Шымкентте су есептегіш құралдарын ұрлау әдетке айналып барады. Қаладағы көше бойларында орналасқан су өлшегіш қондырғыларды бәз біреулер қолды қылған. Айласын іске асырғандар бір-ақ күнде 8 бірдей отбасыны сусыз қалдырыпты. Дабыл қаққан тұрғындарға су мекемесінің жауаптылары бірден көмекке келді.
Шымкенттегі «Ескі шаһар» шағынауданының тұрғындары бір күннің ішінде су қондырғыларынан айырылып қалды. Ұрылар айласын түнгі уақытта іске асырып, 8 бірдей үйді тіршілік нәрінсіз қалдырыпты. Көшедегі жәшіктің ішіндегі құралдың жоқтығын алғашқылардың бірі болып жергілікті тұрғын Ануар Құрметов байқаған. Мұндай сұмдықты бірінші рет көруім деп шағымданды ол.
Әнуар Құрметов, қала тұрғыны: “Жәшіктің ішінде ештеңе жоқ. Барлығын ұрлап кеткен. Енді оны не істемек? Металл өткізетін жерге алып бара ма? Оларды біз орнатқанымызға да көп те болмаған еді. Жап-жаңа, істеп тұрған. Енді не істейміз? Сусыз қаламыз ба?”.
Бірнеше күн бұрын осындай қылмыс қаланың қақ ортасында да тіркелген. Бұл жолы ұрылар Б. Момышұлы көшесінің бойындағы 48 пәтерден тұратын 3 көпқабатты үйге тиесілі қондырғыларды алып кеткен. Ал ондағы бір құралдың бағасы 75 теңгені құрайды екен.
Аман Исақ, су мекемесінің маманы: “Ұрылар түнгі уақытта келген. Білетін адамдар болса керек, алдымен суды жапқан, сосын ағытып алған. Одан кейін суды айналдыратын кранды да жапқан. Онда фильтр де бар еді. Онысының барлығын қосып, шешіп алған. Сосын жәшікті ашық қалдырып кетіпті».
Су мекемесінің мамандары мұндай есептегіштердің не себепті қолды болғанын түсінбей дал. Өйткені, әрбір қондырғының инвентарлық тіркелген нөмері бар. Сондықтан оны сату мүмкін емес. Ал су мекемесінің мамандары жаңа өлшегіш құралдарды қайтадан орнатуға өз қалтамыздан төлеп отырмыз дейді.
Нұрбек Қасым, «Су ресурстары-маркетинг» мекемесі құқық бөлімінің бас маманы: “Қазіргі таңда Әл Фараби аудандық іщкі істер бөліміне хат дайындаудамыз. Шығынды өтеу жөнінде және шығынның қанша екенін анықтаудамыз. Тұрғындар сусыз қалмас үшін өз тарапымыздан су өлшеуіш құралдарды құрып береміз. Алдын-алу шаралары барысында біз тұрғындарға біздің мүмкіндігіміз болмаған жағдайда, осы су өлшегіш құралдарын қарап, құлттап жүруге ескерту жасаймыз үнемі».
Әзірге ұрылар табылған жоқ. Сондықтан су мекемесінің қызметкерлері дабыл қағып, тергеу жұмыстарын тездетуді өтінуде. Сондай-ақ, шаһар бойынша нақты қанша абоненттің су өлшегішсіз қалғанын мекеме дөп басып айта алмай отыр.
Құралдарың жаппай ұрлануы екі ай бұрын тіркелген. Ол кезде бірден 30-ға жуық қондырғы қолды болыпты. Су мекемесінің қызметкерлерінің айтуынша, қарақшыны тапқанымен, шығынның орнын ешкім толтырмапты.
Айя Мүтәлі