Сыпырған ата көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары келер жылы бітеді. Сүрілуі тиіс қызыл-сызықтағы ғимараттар бойынша баяу жүргізілген сот процесі мердігерлердің қолын байлап отыр. Бүгінгі таңда аталған жол «сақалды құрылысқа» айналып барады.
Сыпырған ата көшесінің бұл бөлігінде жолдың бір жолағы төселіп, екіншісінде кәріз жүйелері мен телекоммуникация, ирригация жүйелерін тарту жұмыстары жалғасуда. Жолдың жыры әбден мезі еткен осы төңіректе тұратындар құрылыстың баяу жүрып жатқанына наразы.
Аманкүл Пернебаева, тұрғын: “3 немерем осындағы мектепте оқиды, әбден лай болып келетін. Жолдың құрылысын бастады. Кейін сарқынды сулар ақты. Мына жақты бітіріп еді, енді канализация дейді».
Құрылыстың баяу жүріп жатқанымен мердігер де келіседі. “Қатын көпір” шағынауданындағы Әл Фараби және Сыпырған ата көшесі аралығындағы 3 шақырым жолда құрылыс жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталғанын айтады. Жол құрылысына кедергі болған қызыл сызықтағы үйлердің сүрілу мерзімі ұзарып, мердігерлердің қолын байлаған. Осы секілді сан алуан себептердің көп болғанын айтады.
Өскенбай Шамбилов, мердігер компанияның өкілі: “Жол құрылысын 2016 жылы шілде айында бастадық. Жасырары жоқ құрылыстың созылып кеткені рас. 18 үй сүрілуі тиіс-тін. Телекоммуникация мен канализация түсті”.
Мердігер компания жұмыс көлемінің 90 пайызын аяқтапты. Жолдың жалпы ені бастапқыда 30 метр болады деп жоспарланғанымен, құрылыс барысында ЖСҚ түзетулер енгізіліп,қысқартылыпты. 12 метрден екі жолақты жол, жиектерінде 4,5 метрден жаяу жүргіншілер жолы түседі.
“Енді газ жүйелері бойынша газшылармен құжаттарды реттеудеміз. Олардан анықтама алу, кірудің өзі қиын” дейді мердігер компания өкілі.
Абай ТҰРХАНОВ, Шымкент қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдраы басқармасының өкілі: “Қазір негізгі жұмыстар жасалуда 2019 жылдың шілде айында жол пайдалануға беріледі”.
Құрылыс барысында туындаған күрделіліктер қала әкімдігінің көмегімен шешіліп келеді екен. Жолдың құрылысына қазынадан 1 млрд. 300 млн. теңге жұмсалғанын ескерсек, сапасы тұрғындар мен көлік жүргізушілерінің көңілінен шығады деген сенім бар.
Шынар Оразова