Қазақтың тау тұлғалары — Төле, Қазыбек және Әйтеке бидің есімі мен еңбек-ерлігі енді елдің есінде мәңгі жатталады. Дәлірегі, Түркістан облысындағы 3 биік шыңға билердің аты берілді.
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жиналғандар таудың 3 шыңын бағындырған жандарға құрмет көрсетті. Биыл «Бұл — біздің таулар!» фестиваліне жерлестерімізбен қатар, Қарағанды, Ақтөбеден де альпинистер арнайы бұрылған. Сонымен, Ел рухын көтерген жобадағы 30-ға жуық альпинистің 15-і аталған шыңдарды бағындырды.
Қуантарлығы енді «Бұл — біздің таулар!» фестивалінің қатысушылары ғана емес, тау бөктерінде олардың жолын тосқан жұртшылық та тарихи сәттің куәгері болды. Иә, тамыздың екінші жексенбісінде сол бұрын «Студенттер» деп аталған шың енді — Әйтеке би шыңы деп аталды, «Кергели узловаяға» — Қазыбек бидің есімі берілді. Ал, «Рощина» — енді Төле би шыңы болды.
Кеңес Исмаилов, өлкетанушы: «Бұл үш шыңға — үш бидің есімін беру қазір емес, жылдар бұрынғы ұсыныс! Қолдау тапқанына қуанамын. Білсеңіздер, осы үш шыңның осылай аталу себебі де жоқ емес. Мәселен, әдеттегі суреттер мен тас мүсіндірге қарасаңыздар, сол жағында — Әйтеке, оң жағында — Қазыбек, ортасында Төле би жайғасқан. Бұл тауларда да дәл солай, тіпті биіктіктері де соған сәйкес келеді. Заманында үш жүзге төбе би болып сайланған — Төле би шыңының биіктігі қазір — 3860 метрге тең. Және шыңдар көршілес Өзбекстанмен шектесіп, рухани тұрғыда елдің тынышын қамтамасыз ететін ұғымды қалыптастырмақ».
Тарихи тағлымы мол жобаның жүзеге асқанына тұрғындар да мәз-мейрам. Ел ағалары ұлы тұлғалар туралы деректер айтып, ақ баталарын жаудырды. Ауыл ақсақалдары үш жүздің биі, рухына құран бағыштады. Құрметпен ас берілді.
«Бұл – біздің таулар!» атты 3 күнге ұласқан тау фестивалі аясында жергілікті жұрт ұлттық ойындарды да ұлықтады. Асық ату, тоғызқұмалақ кіл мықтыны анықтаса, велошеру нағыз ширақты танытты. Шара соңында осынау игі шараға атсалысқан альпинистер мен өзге қатысушылар құрметке бөленіп, алғыс хатқа ие болды.
Мөлдір Бекеева