Түркістан облысында кәмелет жасқа толмаған баланың зорлануы туралы іс аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас Прокуратурасына сілтеме жасап. «Бас прокуратураның тергеу тобы Түркістан облысы Абай ауылындағы жас балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету бойынша қылмыстық істің тергеу амалдарын аяқтады.
Әділдікті анықтау үшін іс бойынша медициналық, психо-психиатриялық, биологиялық, молекулярлық-геномдық және басқа да қажетті сот сараптамалары жүргізілді», — деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі. Зардап шеккен тараптың өтініші бойынша сараптамалық зерттеулерге Ресей Федерациясының, Қырғыз Республикасының және Грузияның жеке және мемлекеттік сарапшылары тартылды.
Сондай-ақ, мамандар ретінде нақты мамандандырылған балалар дәрігерлері де шақырылған. Іс бойынша барлығы 14 кешенді сот сараптамасы мен 4 зерттеу жүргізілген. ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабы 2-тармағына сәйкес жыныстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік 14 жастан басталады. «Төрт күдіктінің арасында бір ғана жасөспірім 14 жасқа толған. Оның іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі (Жас балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер) бойынша бағаланды. Қалған күдіктілердің 14 жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», — делінген ресми хабарламада.
Бас прокуратураның хабарлауынша, қылмысқа қатысушылардың кәмелеттік жасқа толмауына және өзге де себептерге байланысты істің мән-жайын толық жариялауға болмайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылыққа құқығы қылмыстық процестің барлық сатыларында сақталуы тиіс. «Сонымен бірге жеке өмірге қол сұқпаушылықтың әрбір азаматтың конституциялық құқығы екенін, оның мемлекет қорғауында екенін еске саламыз.
ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабында Тұлғаның жеке өмірі немесе отбасылық құпиясы туралы ақпаратты БАҚ-та немесе телекоммуникация желілерінде тарату үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген», — деп атап өтті ҚР Бас прокуратурасы. Еске сала кетсек, 2018 жылдың наурыз айында Түркістан облысында 7 жасар баланы ұру және зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде «Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлап келген» деген ақпарат тараған болатын. Жеткіншектің әжесі құзырлы органдарға арызданғанымен, бұл жайтқа қатысты тергеу шаралары жүргізілмегенін айтып шағымданған. Аймақ әкімі Жансейіт Түймебаев келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту мен сөгіс жариялап, бірқатар қызметкерді жұмыстан шеттетті.