Түлкібастық шенеуніктер жұрттың үйге кірер жолын жауып тастады

477

«Түлкібастық шенеуніктер үйімізге кірер жолымызды жауып тастады!». Осылай деп шағымданған Т. Рысқұлов ауылының тұрғындары аудандық әкімдік қызметкерлерінің әрекетіне наразылығын білдіруде.

Жергілікті билік өкілдері болса, «мұны орталықтағы көшені көркейту үшін жасадық», — деп отыр. Нәтижесінде, халық жолсыз қалды. «Артық қыламыз деп, тыртық қылған» басшылардан ауыл тұрғындары жолды ашып беруін талап етуде.

Түлкібастық тұрғындар өз үйлеріне өздері кіре алмай жүр. Өйткені мұндағы тұрғын үйлердің алдынан полиция бекеті мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, көлік жүретін жол қалмаған. Оның үстіне, осы маңда халық дүкен, дәріхана, сынды түрлі бизнес көзін ашып күндерін көруде. Бірақ мұнда жүргізілген құрылыс жұмыстары кәсіпкерлердің жұмысына да кедергісін келтіріп отыр.

«Үйге кіріп, шыға алмаймыз. Ешнәрсе алып келе алмаймыз. Тауарды кіргізе алмаймыз» дейді жергілікті тұрғындар.

Халықтың наразылығын «Отырар» телеарнасының түсіру тобынан естіген Түлкібас ауданындағы әкімдіктегілер тұрғындармен кездесті. Шенеуніктер бастапқыда мұнда проблема жоқ деп ақталуға тырысқан болатын.

Проблема жоқ деген шенеуніктің сөзі артынша өзгеріп шықты. Мұндағы жағдайды өз көзімен көрген соң ойы өзгерді ме, әйтеуір , аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы проблеманы жаңа жылға дейін шешеміз деп уәде берді.

Жабағы Асхат, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары: «Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол салып береміз. Жоспарға қоямыз. Жаңа жылға дейін бұл проблема шешіледі».

Бес айдан соң Т. Рысқұлов көшесіндегі құрылыс жұмыстары толық аяқталуы керек. Осыған сәйкес бұл маңдағы абаттандыру жұмыстары аяқталып, жолсыз қалған халықтың проблемасы 2019 жылдың басында шешілетін болды. Уәде солай…

Лаура Нақыпқызы