Түркістан облысында жасанды талшық өндіретін зауыттың құрылысы жүруде. Онда жылына 50 мың тонна өнім өндіріледі деп күтілуде. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан зауыт құрылысымен танысты.
Өндіріс орны күз айында толық қуаттылығымен іске қосылады. Инвестициялық құны 20 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндірмек. Елімізде алғаш рет қолға алынып отырған жоба жасанды талшықтарға деген қажеттілікті толығымен қанағаттандырады деп күтілуде.
Бұйыртса, бұл зауыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс бергелі тұр. Мұнда 200-250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жасанды талшық — бұл өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал. Полиэтилентерефталат қалдықтарын қайта өңдеу экологиялық жағдайды жақсартуға әсер етеді дейді мамандар.
Еске салайық, бұл жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Айта кетейік, бүгінде аталған индустриалды аймақта 1 жарым мыңнан аса жұмыс орны ашылып, 12 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 107 жұмыс орнымен қамтылған 3 жоба іске қосылған.
Мақпал Рысбаева