Төлеби ауданында «Пробация үйі» ашылды

603

«Пробация үйі» Елбасының «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасындағы 33-қадамында көрсетілгендей «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау» және «Пробация туралы» Заңды жүзеге асыру мақсатында ашылып отыр, деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Пробация бөлімінің бас маманы Қуандық Сартаев, құқық қорғау органдары қызметшілері, мемлекеттік мекеме басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, пробация есебінде тұратын азаматтар қатысты.

Бұл нысанды Төлеби ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура, аудандық Ішкі істер бөлімі және облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментімен бірлесе ашып отыр. Мұнда пробациялық есепте тұрған азаматтарға «бір терезе» қағидасы бойынша аудандық Пробация қызметкерлерінен бөлек, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, білім бөлімі, көші-қон полициясы, денсаулық сақтау мекемелері, және қажеттілікке қарай басқа да мекемелер әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, арнай бекітілген кесте бойынша пробациялық есепте тұрған азаматтар пробация үйінен өздеріне керек көмек түрлері бойынша еңбекке орналасу, мамандық меңгеру, кәсіпкерлікті қолдау үшін несие алу, орта білім алу, құжаттандыру, медициналық көмек, құқықтық көмек және өзге де жәрдем түрлерін ала алады.

«Төлеби ауданында «Пробация Үйінің» ашылуы үлкен бір іс деп есептеймін. Айына 2 рет пробация үйінде аудандық пробация қызметкерлерімен бірлесіп кездесу жүргіземіз. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен хабар алып, медициналық, психологиялық көмек, мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру т.б. мәселелер пробация үйінде шешілетін болады. Жалпы облысымызда, оның ішінде Төлеби ауданындағы Пробация қызметі өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Олай дейтініміз, пробация есебінде тұратын азаматтардың 90 пайызы жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде 10 астамы жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Көріп, отырғандарыңыздай, Пробация үйінің барлық жағдайы жасалған. Алдағы уақытта да Төлеби аудандық прокуратурасы өз құзыреті шегінде Пробация үйіне жәрдем беріп, осы азаматтармен бірлесіп жұмыс жасауға дайын», — деді аудан прокуроры өз құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, 2018 жылдың 7 айының қорытындысымен аудан бойынша пробациялық есепте 122 азамат тіркелген.