Төлеби жастары аудан әкімімен кездесті

573

Аудан басшысы Бауыржан Омарбеков аудан жастарының көшбасшыларымен кездесті. Алатау ауылдық округінің «Біркөлік шатқалы» жаздық сауықтыру лагерінде өткен кездесуге аудан прокуроры Д.Тілемісов, аудандық мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жұмысшы жастар өкілдері, жас кәсіпкерлер, спортсмендер, аграрлық, денсаулық сақтау, білім, мәдениет саласының мамандары бар аудан жастарының көшбасшылары қатысты, деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауданның көрікті жерінде арнайы ұйымдастырылған бейресми кездесу алғашқы сәттерден таза ауадағы «ашық әңгіменің» өрбуіне себепкер болды.
Аудан әкімі кездесуді аймақты дамыту саласындағы негізгі бағыттардан, мемлекеттік және жергілікті бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанынан бастады. Кездесу барысында, Бауыржан Омарбеков қоғамдық сананы жаңғыртуға баса назар аударды.

Аудан әкімі аудан халқының 25 пайызын жастар құрайтынын атап өтті. «Яғни бұл дегеніңіз, үлкен күш. Осы күшті дұрыс бағыттай алсақ, ауданымыздың дамуына үлкен үлес қосары анық», — деді ол өз сөзінде.

Басқосуда жастар өзара пікір алмасып қана қоймай, Қазақстандағы жастардың бүгінгі жай-күйі туралы сөз қозғап, аудан әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Мұнан бөлек, кездесуге қатысқан жастар туған өлкенің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.