Фото Baq.kz

Жаңа мегаполис Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы іске қосылғалы небәрі 28 адамның өтініші мақұлданған. Шаһарда ұзын саны 37 мың адам баспана кезегінде тұр, деп хабарлайды astanatv.kz.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыруды бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері осылай деп отыр.  Бағдарламаның орындалу барысына олардың көңілі толмайды. Халыққа түсіндіру жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алды. Алайда қала билігі тежеуші фактор ретінде кезек күткендердің басым бөлігі көп балалы отбасылар екенін айтады. Олар үш және төрт бөлмеден сұрайды. Ал «7-20-25» бағдарламасының шарттарына сәйкес пәтер құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс.  Шымкентте мұндай  бағаға тек екі бөлмелі пәтер келеді.

Азат Перуашев, «ҚР Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі: «Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, олар үшін 25 млн-дық шегін қойған. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Себебі Шымкентте, біріншіден, көп балалы семьялар көп, ол енді еліміздің алтын бесігі ғой. Біз оны қолдауымыз керек. Екіншіден, Шымкент биылғы мегаполис статусын алды. Сондықтан оған жасайтын ережелері де, шарттары да соған сәйкес болуы керек. Яғни сол Шымкент үшін баға саясатын біз қайта қарастыруымыз қажет».

Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, «7-20-25»-ті іске асыруға қазір сегіз тұрғын үй кешенінде 136 пәтер дайын. Жыл соңына дейін 275 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың көбі 2-3 бөлмелі. Ал Түркістан облысы мен Шымкент қаласында студент жастардың 60 пайызы жатақханамен қамтылмаған. Жоғары оқу орындары мен колледж басшылары құрылысқа қажет жер теліміне қол жеткізе алмай жүргеніндерін айтты. Оған инвестормен мәмлеге келе алмау кедергі келтірген.