Түркістан облысы әкімдігінің қызметкерлері — Түркістан қаласына көшті. Шымкент қаласынан облыс орталығын бетке алған бұл көшке «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өкілдері мен зиялы қауым да ерді.
Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған көне шаһарды түлетуге үлес қосамыз деп бекінген шенеуніктерге қандай жағдай жасалады? Осыған дейін соңғы үлгімен жабдықталған зәулім ғимаратта қызмет көрсетіп келген әкімдік өкілдері қайда жайғасты?
Бұл Шымкентке сыймай емес, қимай көшіп бара жатқан Түймебаев командасының көші. Ел тарихында қалатын ғасыр құрылысы — «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізіндегі ең үлкен көшті тұрандықтар керемет сән-салтанатымен, ән жырымен қарсы алды. Аппарат өкілдеріне арнау-тілектерін ақтарғандардың арасында сабырға да шақырғандар табылды. Алда болатын қиындықтарды топшылаған ел ағасының сөзі «сындарлы кезеңде сынбаңдар» дегенге сайды.
Түркістанды сан рет шарлап шыққанда табылған ғимараттар осы. Басқармалардың бірі емдеу мекемелерінің ғимаратына, бірі білім ошақтарына, бірі тойханаларға жайғасты. Әрине, мұндағы жағдайды шымқаладағымен салыстыруға келмес, дегенмен жаңа кеңсе даяр болғанша, мұнда да сапалы қызмет көрсетуге болады.
Мәжіліс залына аса ұқсамаса да сән-салтанаты келіскен сарайда алғашқы отырыс өтті. Межелі міндеттерді қысқа да нұсқа жеткізіп, алдағы жоспарды бекіткен облыс әкімінің сөзіне қарағанда көп ұзамай көне шаһарда құрылыс қыз-қыз қайнайын деп тұр.
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Аэропорт салынады. Әкімшілік орталықтың ғимаратын салу жоспарда бар. Мәдени-тарихи орталық бой көтереді. Қызметкерлерге арналған баспаналар саламыз».
Ал облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жаңа орталықты дамытуға күш салу үшін жылы орындарынан жылжыған мемлекеттік қызметкерлерге бар жағдай жасалатынын жеткізді. Уақытша баспанамен қамтылып, еңбекақыларына 20 пайыз үстемақы қосылады. Сондай-ақ, жыл сайынғы төленетін 30 күндік еңбек демалысына экология үшін 7 күн сауықтыру демалысы беріледі.
Мақпал Рысбаева