Қарымды қаламгерді еске алу кеші өтті

863

«Тұғыры биік – Тұяқбаев». Осындай атаумен облыстық «Отырар» кітапханасында бір туар тұлға Жұмамұрат Тұяқбаевты еске алу кеші өтті. Қазақ халқының рухани мәдениетіне орасан үлесін қосқан қаламгердің шығармашылығы насихатталған кешке арна тілшісі де қатысып қайтты.

Жиынға тұғыры биік тұлғаның шәкірттерімен қатар, көзін көрген үзеңгілес достары арнайы келген. Аға буын өкілдері ерекше дарын иесінің журналистика саласында салып кеткен дара жолын насихаттады. Сонымен қатар, жас буынға қаламгердің шығармашылығымен танысып, ұлттың өзегі әдебиетпен сусындау қажеттігін жеткізді.

Жұмамұрат Тұяқбаев 1938 жылы қыркүйек айында дүниеге келген. Есімі елге белгілі қаламгер оңтүстік өңірінің тумасы. Қарапайым тілшілік жұмыстан бас редакторлыққа дейін көтерілген сөз шебері. Бір ғана «Шымкент келбеті» газетін ұзақ жылдар бойына басқарып, басылымның оқырман көңілінен өзіндік орнын қалыптастырған тұлға. Кеш барысында қаламгердің жеткен жетістіктері жайында естеліктер де айтылды.

Сәуле Жұмамұратқызы: Жұмамұрат Тұяқбаевтың қызы: «Мен өзімді осындай керемет тұлғаның қызы болғанымды мақтан етемін. Әкемнің көзін көріп, бірге жүрген шәкірттері, белгілі қаламгерлер тек жақсылығын айтып жатыр. Мен тіпті әкемнің шығармашылық жолындағы кейбір мен білмейтін ерекше қабілетін айтты. Осының барлығы менің кеудемде үлкен мақтаныш сезімін оятты. Еске алу кешіне келген барлық адамдарға айтар алғысым шексіз».

Алқалы жиынға дарын иесінің отбасы мүшелері де арнайы келіпті. Өмірлік жарымен тұңғыш қызы қаламы қарымды тұлғаның адами қасиетіне тоқталды. Осылайша қазақ журналистикасынан ойып орын алған Жұмамұрат Тұяқбаевтың жазу шеберлігімен қатар тек оған ғана тән ерекше қабілеті көп алдында насихатталды.

Жанерке Хумар